ҚАЛАНЫ ДАМЫТУДЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Облыс орталығы болған үш жылдан бері Түркістанда ауқымды жұмыстар қолға алынды. Осынау уақытта қаланы түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамытудың бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде қаланың әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланды.
Қаланы дамытудың бірінші кезеңін қамтитын алғашқы үш жыл ішінде жалпы
445 млрд. теңгеге жаңа 251 жоба іске асып, 123 нысанның құрылысы аяқталды. Қалада халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды. Оларды өзара байланыстыратын Б.Саттарханов даңғылы қайта жөндеуден өтті. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды.
Қала аумағына «Жасыл белдеу» орнату мақсатында 13 мың га жерге 3,5 млн. түп ағаш егілді.
Былтырға дейін жылыту маусымы басталған уақыттан бастап Түркістан аспаны түтінге көмкерілетіні күн тәртібіндегі мәселе ретінде талай рет айтылған болатын. Қаланы дамытудың бірінші кезеңі аясында газдандыру жұмысы қолға алынып, қарқынды жүргізілді.
Енді қала дамуының екінші кезеңі бойынша атқарылатын жұмыстар 4 аумақта жүзеге асырылатын болады. Бірінші аумақта әуежай аумағына 100 орындық қонақ үй, 3 самолетке арналған ангар, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.
Екінші аумақта әкімшілік-іскерлік орталығында теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындары және инженерлік инфрақұрылымы жүзеге аспақ. Сондай-ақ, 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, 46 мың пәтер пайдалануға беріледі. Денсаулық сақтау саласында 570 орындық көпбейінді аурухана, жедел медициналық жәрдем станциясы және Ана мен бала орталығы салынады.
Үшінші аумақ бойынша Б.Саттарханов даңғылы бойында спорттық кешен, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 га универститеттік ботаникалық бақ, Парк Лайн коттедж пайдалануға беріледі.
Төртінші аумақ бойынша мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Керуен Сарай тұрғын үй кешені, Аманат коттеджі қалашығы, Medina Palace қонақ үйі, Хилует мәдени-рухани орталығы бой көтереді.
Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың екінші кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңге, оның 1 трлн теңгесі немесе 77%-ы жеке инвестициялар болып табылады.
Жаңа кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жетеді.