ТҮРКІСТАННЫҢ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕМІСІ

Өткен аптада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев елордаға барып, өңірдің дамуы бағытында атқарған жұмыстары жөнінде баспасөз брифингін өткізді. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде облыста қол жеткізген негізгі жетістіктерді атап өтті.

Өз сөзінде аймақ әкімі «Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Тарих көзімен қарағанда аз ғана мерзімде жаңашыл мемлекетіміздің негізі қаланды, қоғамдық сана жаңғырды, Отанымыз өркендеді. Алған асуларымыз мен шыққан биіктерімізді Елбасының есімімен бірге айтудың тарихи негізі бар. Тәуелсіздік жылдарда жалпы халықтың әл-ауқаты жақсарды. Әр өңірде ірі жобалар іске асырылды»,-дей келе, облыста іске қосылған маңызды жобаларды атап өтті.
Аймақ әкімі егемен ел болған 30 жыл ішінде аймақта іске қосылған ең маңызды жобалар санатына «Кентау трансформатор зауыты», «ҚазақБитум», «Күйдірілген кірпіш өнімдерін шығаратын Бөкей», «Нимекс мақта тазалау зауыты», «Мақта өңдеу зауыты», «Ордабасы құс фабрикасы», «Құрғақ түйе ұнтағын шығаратын Golden Camel», «Балық өнімдерінің өндірісі Хамит и К», «DalaFruit» сияқты компанияларды қосты.
Барлығы 300-ге жуық кәсіпорын ашылып, онда 23 мыңға жуық адам жұмыс атқарып жатқанын айтқан облыс әкімі индустриалияландыру жылдары (2010-2020 жж.) 140,5 млрд. теңгеге 122 жоба іске асырылып, 7 340 тұрақты жұмыс орны ашылғанын жеткізді. Сонымен қатар ол, егемендіктің арқасында құрылысы қолға алынған Сырдария өзеніндегі «Тәуелсіздік көпірі» кеңестік замандағы жүзеге аспай қалған, арман жобаға айналғанын еске алды. Аталған көпір арқылы Өзбекстанмен шекаралас орналасқан Жетісай және Мақтаарал аудандарын республикалық А-15 автожолымен тікелей байланыстыруға жол ашылды.
«Бұған қоса, Жетісай мен Мақтаарал халқын Шардара су қоймасы арқылы облыс орталығымен байланыстыратын «Арнасай айналма жолы» пайдалануға берілді. Ташкент, Алматы және Қызылорда бағытында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік көлік дәлізі» салынды. Түркістан облыс орталығына айналды. Бұл – Тәуелсіздіктің айтарлықтай жемісі деп санаймыз», — деген өңір басшысы Сырдария бойындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін «Көксарай» су реттегіші мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралының салынуын да тәуелсіздіктің ең үлкен жемістері деп атады.

 

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі