КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ҚАРҚЫНЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан қаласында күзгі ағаш егу науқаны басталды. Осы мақсатта Өзбекстаннан 10 мың түп гүжім ағашы жеткізілетін болады. Сонымен бірге жергілікті жерге тез жерсінетін қарағаш пен терек ағаштары әкелінеді.

Бүгінде көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары үшін Түркістан қаласы 32 секторға бөлінген. Аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар тұрақты түрде өздеріне бөлінген секторда көшет егіп, оның өсіп шығуын жауапкершіліктеріне алған.
Секторлардың жұмысын жандандыру мәселесі облыс әкімі аппаратында да арнайы қаралып, облыс басшысы тарапынан тиісті тапсырмалар берілген болатын. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев: «Біріншіден, әрбір көшет, жасыл желекке су барып тұруы тиіс. Егер тұрақты суғарылса, Түркістанда ағаш өседі. Екіншіден, біздің климатқа төзімді қарағаш, терек, акация және өзге де ағаштарды өсірген жөн. Үшіншіден, сол көшеттер тамыр алып кеткенше желден қорғап, сынып кетпеуі үшін арнайы қорғауды қамтамасыз ету қажет»,-деп, сала басшыларына өздеріне жүктелген сектордағы көгалдандыру жұмыстарына жауапкершілігі жоғары, қоғамға жанашыр азаматтарды тартуды тапсырды.