САУРАН ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНА АЙНАЛАДЫ

Ағымдағы жылдың наурыз айында Түркістан облысында Сауран ауданы құрылған болатын. Әкімшілік орталығы Шорнақ ауылы болып белгіленген ауданның даму жоспары туралы сол кезде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Жалпы көлемі 650 мың гектарды құрайтын ауданда алдағы 1-2 жылдың көлемінде барлық әкімшілік, әлеуметтік нысандардың құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі. Әзірге бұл мемлекеттік органдар мен аудан әкімдігін қоса алғанда уақытша жекелеген нысандарды жалға алып, жұмыс жүргізетін болады» деген болатын.

Осы аптада Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құрылғанына жарты жылдан асқан Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков баспасөз брифингін өткізді. Ол 12 ауылдық округке біріктірілген, жалпы саны 35 елді мекен бар ауданда келер жылы құрылыс қарқын алатынын айтты.
Өз сөзінде аудан әкімі 2022 жылы 32 елді мекенге балалар алаңы, футбол алаңы, теннис корты және воркаут орнату жоспарланатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ауылдық округтердегі басты көшелерге жарықшамдар орнатылатынын атап өтті.
Оның сөзінше ауданның әкімшілік іскерлік орталығы бой көтеретін аумақта белгіленген. Бұл үшін аудан орталығы Шорнақ елді мекенінен 38 га жер бөлінген. Құрылыс алаңына айналатын ол жерлерде аудан әкімі аппараты ғимараты, аумақтық қазыналық мекемесі, прокуратура, сот, аудандық мемлекеттік мекемелердің ғимараттары және мәдениет үйінің қазығы қағылып, қабырғасы қаланады.
Биыл ауданда 300 орындыққа лайықталған 3 мектептің құрылысы жүргізілген. Оның ішінде Шаға ауылдық округіндегі мектеп қыркүйек айында пайдалануға берілген. Ал Ескі Иқан ауылдық округіндегі білім ұясы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланса, Қосмезгіл елді мекеніндегі мектепті халық игілігіне беру 2022 жылға жоспарланып отыр.