ТҮРКІСТАНДАҒЫ ӘУЕЖАЙДА 230 МЫҢНАН АСТАМ ЖОЛАУШЫ САПАР ЖАСАҒАН
Былтыр 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай Түркістан халықаралық әуежайы өз жұмысын бастаған болатын. Сол уақыттан бері бүгінге дейін әуежай арқылы 230 547 жолаушы тасымалданған.
Бұл туралы Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов мәлімдеді.
Киелі кенттегі әуежайдан ұшаққа отырған 41667 жолаушы халықаралық бағыттарда, 188 880 жолаушы ішкі бағыттарда сапар жасаған.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Түркістан халықаралық әуежайынан 3 халықаралық (Ыстамбұл, Бішкек, Ташкент) және 13 республикаішілік әуе рейстері орындалуда.
Ішкі бағыттар бойынша әуе рейстері Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Ақтөбе, Ақтау, Павлодар, Орал, Талдықорған, Петропавл, Өскемен қалалары арасында ашылған.
А. САТЫБАЛДЫ.