«СОЗАҚ ҚАСІРЕТІ» МЕМОРИАЛЫ АШЫЛДЫ

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Созақ ауданы, Созақ ауылында «Созақ қасіреті» мемориалының лентасы қиылды. Қасірет мемориалы өткен ғасырдың 30-жылдарындағы еліміздегі ашаршылық пен Созақ көтерілісінде құрбан болған мыңдаған азаматтарға арналған.

«Созақ қасіреті» мемориалы Созақ ауыл округіне кіретін күре жолдың бойындағы «Жастар саябағынан» орын алды. Онда демеушілер көмегімен «Қасірет» мемориалының понарамалық көрінісі, ұзындығы 8 метр стенд орнатылған. Созақ қасіреті жайлы толық мағлұмат беретін көк тақта қойылған. «Қасірет» мемориалының алдына көтеріліс құрбандары мен ашаршылықтан ақпар беретін монумент-ескерткіш, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінің толық мәтіні жазылған гранит тастан тақта, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік», «Мәңгілік ел» және қуғын-сүргін құрбандары жайлы айтқан тұжырымдамаларынан үзінділер жазылған тақта орнатылды.
Тарихымызды түгендеп, өткенімізге баға берер іс-шараға еліміздің түкпір түкпірінен келген зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері тарихшы ғалымдар мен қаламгерлер қатысты. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Берік Әбдіғалиұлы, Хангелді Әбжанов, Қали Сәрсанбаев сынды азаматтары бұл бастамаға жоғары баға берді.
Игі іске Орынбек Ібіжанов, Бекет Тұрғараев, Сексенбай Тұрысбеков сынды азаматтар демеушілік жасап, шараны ұйымдастырғанын атап өткен жөн.

Мақсат Қарғабай.