ДЕПУТАТ КӨПБАЛАЛЫ АНАҒА БАСПАНА ӘПЕРДІ
Газетіміздің әр нөмірінде игі жақсылардың жалғызбасты аналардың үйлі болуына демеу болғаны туралы ақпараттың жариялануы дәстүрге айналғандай.
Бұған дейін Түркістан қаласында «Үлес» қоғамдық қорының самайына ақ түскен әженің үйлі болуына үлес қосқанын жазғанбыз. Одан кейін Түлкібас аудандық «Дән-Ек» қайырымдылық қорының жылдар бойы баспанасыз жүрген жалғызбасты келіншекке үй алып бергенін жариялағанбыз.
Мұндай игі іс кешегі аптада Созақ ауданында іске асты. Теріскейлік депутат Бағлан Сүгірбаев Қарағұр ауылының тұрғыны Мақпал Тұрсынбаеваға 5 бөлмелі үйдің кілтін табыс етті. Кәсіпкердің зор көмегіне ие болған Мақпал Тұрсынбаева, 4 баланың анасы. Бауыр еті балаларын жалғыз өзі асырап жүрген көпбалалы ананың төрт жыл бойына үйсіз жүргеніне Бағлан Қанжарұлы бей- жай қарамай, қолдан келген көмегін көрсеткен. Оның бұл жақсылығына ауыл тұрғындары дән риза.