СУБСИДИЯНЫҢ ПАЙДАСЫН ШАРУАЛАР КӨРДІ МЕ ӘЛДЕ ШЕНЕУНІКТЕР МЕ?

Елімізде агроөнеркәсіптік кешен саласы үшін мемлекет есебінен беріліп жатқан субсидиялардың көлемі қомақты. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынған деректеріне сүйенсек, 2020 жылы субсидияға 366 млрд, 2021 жылы 348,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Бірақ бюджеттен бөлінген қыруар қаржы мақсатты жұмсалмай келген.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі агроөнеркәсіп кешенінде соңғы бес жылда 144 қылмыстық істің қозғалғаны туралы дерегі соның жарқын мысалы. Яғни, 2017-2021 жылдары агроөнеркәсіптік кешен саласын дамытуға бағытталған субсидия 2,9 трлн теңгені құраған. Кең пішіліп бөлінген қаржыларды қолды еткендерді анықтау мақсатында 144 қылмыстық іс қозғалған. Қозғалған қылмыстық істердің 54 пайызы мемлекеттен бөлінген субсидияны қолды қылу дерегіне жатқызылған. Салдарынан келтірілген шығын көлемі 2 млрд теңгені құраған. Өкінішке орай, келтірілген залал көлемі әлі де көбеюі мүмкін. Естеріңізге сала кетсек, осы айдың басында еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттен бөлінген субсидияны қарақан бастарының пайдасына жаратып келген қылмыстық топты бір күнде құрықтады. Бір айта кетерлігі олардың барлығы билік бишігін ұстаған шенеуніктер. Барлығы 30 адамға жуық шенеуніктер еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынысты бөлімшелер мен ұйымдарда қызмет еткен.
Оларды құрыққа түсіру еліміздің тоғыз өңірінде, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларынан тұратын қылмыстық топтар әшкереленген.
Өз кезегінде олар жылдар бойы субсидияға бөлінген қаражатты жымқырумен айналысып, кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара мен заңсыз сыйақы алып, мұрттарын майлаған.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының көмекшісі Шыңғыс Алекешев ұсталғандардың барлығы кінәсін толық мойындағанын, бірақ олардың жемқорлық схемасы туралы өзге де ақпараттар тергеу мүддесіне байланысты әзірге жария етілмейтінін жеткізді.
Агенттік өкілі субсидияға деп бөлінген қаржының қаншалықты мақсатты жұмсалып жатқанын анықтау шарасы әлі де жалғасатынын атап өтті. Бұл алдағы уақытта билікте отырғандардың ауыл шаруашылығын алға бастыруға бағытталған мол қаржыға қол салып жүргендердің былықтары тағы да ашылуы бек мүмкін деген сөз.
Өз кезегінде қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан мұндай былықтың белең алуына Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2019 жылғы бұйрығы жол бергенін айтады. Оның сөзінше 2019 жылы Ауыл шаруашылығы министрі мемлекеттік субсидияларды беру шарттарын жеңілдететін бұйрық шығарған. Оған сол кездегі министр Сапархан Омаров қол қойған. Сол бұйрықтың негізінде мал шаруашалығына қатысты мемлекеттік субсидияларды бөлу ережесінің 10-тармағы алынып тасталған. Аталған тармақта фермердің шаруа қожалығына арналған жері болуы керектігі туралы талап жазылған. Алайда экс-министр Сапархан Омаров ережедегі маңызды шартты алып тастап, жұмсартуының нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатына арналған субсидияларға сұлулық салондары бар кәсіпкерлер де қол жеткізе берген. Бұл мал шаруашылығына қатысты.
Ең сорақысы өткен жылдың соңында өз саласын оңдыра алмағаны үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отставкаға жіберген экс-министр Сапархан Омаров мал шаруашылығына қатысты субсидиядан бөлек, өсімдік шаруашылығына қатысты субсидия беру талаптарын жеңілдетуге құлық танытыпты.
Бірақ қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанның араласуымен ондай өзгерісті енгізуден Ауыл шаруашылығы министрлігі амалсыз бас тартыпты.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жасаған сапары кезінде ауыл шаруашылығы саласына бағытталған субсидия жеткілікті деңгейде болғанмен, нәтиже көңіл көншітпейтінін, оған азық-түлік бағасының тұрақсыздығы дәлел екенін ашып айтқан. Президент «Басқа елдер субсидияның не екенін білмейді. Субсидия барларының өзінде біздің деңгейде емес. Біз кей жерлерде елді өзіміз еркелетіп алдық, кей жерде жемқорлықтың да болып жатқанын мойындау қажет. Сондықтан осы мәселемен тыңғылықты айналысуымыз керек. Бұл бағытта Үкімет пен ауыл шаруашылығы министрілігіне нақты тапсырмалар бердім»,-деп жүйені қатаң бақылауға алу қажеттігін қадап айтқан.
Мемлекет басшысы мұндай мәлімдемені қазан айы бел ортасыан асқан мерзімде айтқан. Араға бірнеше күн салып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігі субсидия ақшасын сүлікше сорып келген ұйымдасқан қылмыстық топты құрыққа түсіріп үлгерді. Жұрттың жағасын ұстатқан бұл бассыздық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтты да бей-жай қалдырмады. Мемлекет басшысы осы аптада «Кейінгі 5 жылда бұл мақсатқа 2 триллион теңгеден аса қаржы бөлінді. Нәтижесінде не болды? Бюджет қаражаты желге ұшты, қаржының қайда жұмсалғанын тексеретін бірыңғай бақылау жоқ»,-деп қынжылды.
Сөз басында соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияның берілуіне қатысты қозғалған қылмыстық іс 144-ке жеткенін атап өттік. Кеше ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласы бойынша 960 қылмыс тіркеліп, 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. Төраға саладағы сыбайлас жемқорлық схемаларын атады. Ол «Субсидиялау ережелері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне толы. Ақпараттық жүйелер алаяқтарға келгенде осал. Субсидиялардың мақсатты пайдаланылуы бақыланбайды. Мұндай тәсілдер жымқыру мен сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайды. Әрине, бұл субсидияларды алмайтын адал фермерлердің наразылығын тудырады. Мұның бәрі мемлекеттің аграрлық саясатына деген сенімге нұқсан келтіреді», — деп атап өтті. Сонымен қатар агенттік төрағасы субсидияларды игеру бойынша нақты істен гөрі, құрғақ сөз салтанат құрғанын ашып айтады.
«Мысалы, жайылымдарды суландыруға бес жыл ішінде 21 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді. Схеманың мәні-облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының лауазымды тұлғалары өздерінің жалған ЖК арқылы су сорғылары үшін арзан, сапасыз күн панельдерін сатып алады. Кейде мүлдем орнатылмайды және жалған деректер бойынша ақша алады. Құдықтарда да дәл сондай — бұрғыланбаған метрлерге құжаттар жасалады. Бұл ретте субсидиялар алуға арналған базадағы өтінімдер фермерлердің атынан олардың цифрлық қолтаңбаларының көмегімен беріледі. Тінту кезінде айыпталушылардың бірінен 500-ге жуық бөтен ЭЦҚ анықталды», — дейді Марат Ахметжанов. Одан өзге ол мемлекет ақшасын қалтасына басуды көздеген атқамінерлер жоқ малды субсидиялаудан тайынбағанын, мәліметтер базасында жануарлардың саны, жасы, жынысы, реті бұрмаланып, өзгеретінін, мұндай деректер Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталғанын жеткізеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Төрағасының бұл мәлімдемесінен кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі көп ұзамай пікір білдіреді. Ведомства «Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тәсілдері әзірленді. Олар субсидиялау бағыттарын оңтайландыруды және олардың тетіктерін оңайлатуды көздейді. Шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысандарына қарамастан, барлық субъектілер үшін мемлекеттік қолдау шараларының тең қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Нақты индикативтік көрсеткіштермен түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу бойынша қарсы міндеттемелерді алу жолымен субсидия алушылардың жауапкершілігін арттыратын нормалар енгізіледі»,-деп үйдей уәде береді.
Бірақ бұл уәде мемлекет ақшасын қалтаға салып, алшаң басып жүрген ұрыларды судан құрғақ шығуына жол бере қоймас деген сенім зор.

С. ИБРАГИМОВА.