ВАКЦИНА САЛДЫРҒАНДАР ДА, КОРОНАВИРУСПЕН АУЫРҒАНДАР ДА ІНДЕТТІ ЖҰҚТЫРАДЫ

Елімізде 7 млн.-ға жуық адам коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін алды. Ал екінші бөлігін 6 млн.ға жуық адам қабылдаған. Індет ілмегіне ілікпеудің бірден бір жолы – вакцина салдыру екенін мамандар жар құлағы жастыққа тимей айтып жүр. Десе де, вакцина салдырған адам коронавирусқа мүлдем шалдықпайды деген кепілді ешкім бере алмайды.

Жуырда орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметованың мәлімдемесі соған дәлел.
Комитет өкілі Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина алған 20 мыңнан астам адам инфекция жұқтырғанын ашып айтты. Олардың ішінде 7 070 адам вакцинаның бірінші компонентін алып, артынан коронавирусты жұқтырған екен. Вакцина салдырған соң тәж тажалмен ауырғандардың басым бөлігі «Спутник V» препаратын қолданғандар екені анықталған.
Зәуре Ахметованың сөзінше елімізде коронавируспен ауырып шыққандардың 99,9 проценті вакцина алмағандар, қалған 0,1 вакцина салдырған.
Адамдар коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаннан кейін не үшін ауру жұқтырады?
Дәл осы сұраққа Шымкент қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен кезекті брифингте төмендегіше жауап берген еді.
– Коронавирусқа қарсы екпелердің тиімділігі 80-90 пайызды құрайды. Бұл вакцина салдырғандардың барлығы аурудан 100 пайыз қорғалған дегенді білдірмейді. Әлемде бірде бір вакцина мұндай қорғаныс деңгейін қамтамасыз ете алмайды. Дегенмен де препаратты қабылдағандар не үшін ауру жұқтырады? Біріншіден, мұндай жағдай өте сирек тіркеледі. Вакцина салдырғандар арасында ауруды жұқтыру ықтималдылығы бәріне бірдей бола бермейді. Қарттар мен иммундық жүйесі әлсіз адамдар үшін қауіп жоғары. Екіншіден, індеттің таралуын алдын алатын сақтық шараларын ұстауды тоқтатқанда да ауру жұқтыру жағдайы орын алады. Вакцина салдырған адамдар да маска кию, қашықтықты сақтау, қолды жиі жуу және жабық жерлерде көп жиналмауды қаперде ұстау керек.
Маманның бұл сөзі «мен коронавирусқа қарсы вакцина салдырғанмын. Маған вирус жұқпайды»» деген түсінікте жүрген адамдарға алтын сырға болады деп сенейік. Бұдан бөлек, адамдар арасында «коронавируспен ауырған адам індеттің ілмегіне қайта ілікпейді» дейтіндер де бар. Бұл да қате пікір. Осы аптада еліміздің денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов коронавируспен ауырып шыққан адамдардың арасында ауруды қайта жұқтыру оқиғалары да бар екенін, 2020 жылдың наурыз айынан бері (8-қыркүйекке дейін) ондай адамдардың саны 23 мыңға жеткенін хабарлады.

С.НҰРАЙ.