ЕҢБЕКШІДЕ ЕҢСЕЛІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ
Осы аптада Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке ауданда атқарылған жұмыстарды таныстырды. Өз кезегінде Д. Есілбек биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Еңбекші ауданында 56 көпқабатты үйдің аулалары жаңартылатынын хабарлады. Қазірдің өзінде 24 көпқабатты үйдің аулаларында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде екен. Қалған 32 көпқабатты үйдің ауласын жаңарту бойынша мемлекеттік сатып алу іс-шарасы өткізілуде.
Қазіргі таңда Еңбекші ауданында 630 көпқабатты тұрғын үй бар. Бұл тұрғын үйлер 435 аулаға біріктірілген. Ауданда 2011-2020 жылдар аралығында кезең-кезеңмен 565 үйдің 373 ауласы абаттандырылған.
Аулалары бұрын абаттандырылған үйлердің басым бөлігіндегі ойын элементтерінің тозығы жеткен, жаңалауды қажет етеді. Соған сәйкес осы жылдан бастап кейбір ойын элементтері жарамсыз күйге түскен, жөндеуді қажет ететін аулаларды қайта абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын жаңалау жұмыстары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының негізінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асуда.
Келер жылы да аулаларды абаттандыру жұмыстары осы жоба шеңберінде жүргізілетін болады. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және спортты баршаға қолжетімді ету туралы тапсырмасына сәйкес, ауданда 2021 жылға дейін 85 ашық спорт алаңшасы орнатылған. «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында және қала әкімінің тапсырмасына сәйкес осы жылы ауданда 15 ашық спорт, тренажер, воркаут алаңшаларын орнату жоспарланған.
Қазіргі таңда «Қарабастау» тұрғын алабында демеуші есебінен 1 ашық спорт алаңшасы орнатылып, тұрғындардың игілігіне тапсырылған. Жоба құны 13,5 млн. теңгені құрайды. Қалған 14 спорт алаңшасын орнату бойынша мемлекеттік сатып алу іс-шарасы өтуде. Аудан әкімі аталған спорт алаңшаларынан бөлек, шалғай аумақтардан тағы 10 спорт алаңшасын құру жоспарланып отырғанын айтты.
Сонымен қатар Д. Есілбек қала әкіміне ауданның электр жүйесімен қамтылу жағдайын баяндады. Қазіргі таңда «Жалын», «Жұлдыз» және «Қарабастау» тұрғын алабтарының жаңақұрылысында сапалы электр желісін тарту жұмыстары жүріп жатқанын атап өткен аудан әкімі 10 тұрғын алаптағы жекеменшік жүйедегі 2,5%-ды және жаңа құрылыс учаскелеріндегі қамтылмаған 1,0%-ды сапалы электр қуатымен қамту үшін қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының тапсырысымен «Энергосервис ЭТЛ» ЖШС-мен жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатқанын атап өтті. Жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу осы жылы аяқталған соң, құрылыс жұмыстарына қаржы бөлуге өтінім беріледі.
2022 жылы «Қарабастау», «Қаратөбе», «Айнатас», «Тоғыс», «Жұлдыз», «Бадам-1/2», «Тұрдыабад», «Маятас», «Еламан» тұрғын алабтарының электр сапасы артады. Осылайша алдағы жылдары Еңбекші ауданындағы 47 мыңнан астам тұрғын сапалы электр қуатына қол жеткізіп, қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетпек.
Шымкенттегі автомобиль жолдарының ұзындығы 3247 шақырымды құраса, соның 632 шақырымы Еңбекші ауданы аумағында. Оның 393,4 шақырымы асфальт жол, 208,1 шақырымы шағал тас төселген жол болса, 30,5 шақырымы топырақ жол болып табылады.
Биыл ауданда 62,4 шақырым асфальт жолға жөндеу жүргізіліп, 13 шақырым жолға шағал тас төсеу жоспарланған.
Күрделі жөндеу жұмыстарына сәйкес, «Корпорация Береке-А» құрылыс компаниясы 17 көшеге, немесе 6 шақырым жолға жөндеу жүргізіп, толығымен пайдалануға берілген.
Орташа жөндеу жұмыстары бойынша жалпы саны 40 шалғай және ішкі орам көшелері, яғни 50,2 шақырым жол жөндеуден өтуде. Оның ішінде 28 көше (70%) толығымен аяқталған.
Аудандағы Ж.Шаяхметов, Ақназар хан және К.Цеткин сынды магистрал көшелеріндегі құрылыс жұмыстары 46% аяқталған.
Ал, ауданға қарасты «Еламан», «Жұлдыз», «Оңтүстік» және «Бадам» шағын аудандарындағы 13 шақырымды құрайтын 21 көшеге шағал тас төселген. 2022 жылғы жоспар бойынша Еңбекші ауданындағы ұзындығы 111,4 шақырым болатын 44 көшеге асфальт төсеу жоспарланып отыр.
Аудан әкімі Есілбек Досбол аудан аумағындағы 35 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі ауыз су, электр жарығы, табиғи газ, жол инфрақұрылымдарымен қамтылғанын мәлім етті. Оның айтуынша, аудан ауыз сумен 94,4%-ға қамтылған болса, мемлекеттік электр жүйесімен қамту көрсеткіші жыл қорытындысымен 95,2%-ға, ал табиғи газбен қамту 86,4%-ға жеткізіледі екен.
Аудан тұрғындарының ауыз су жүйесімен қамтылмаған 5,6 пайызы, яғни, 8 тұрғын алаптағы жаңа құрылыс учаскелеріне су жүйесін жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Жобалаушы мекеме «Конструктор-80» ЖШС болып табылады. Тиісті құжаттар әзір болғанда аталған сегіз елді мекенге су кіргізу үшін қаржы бөлуге өтінім беріледі. Бұл жұмыстар келер жылдың еншісінде.
2022-2023 жылдары «Қарабастау», «Жұлдыз», «Бадам», «Оңтүстік-Жаңақұрылыс», «Қаратөбе», «Тоғыс», «Жыланбұзған», «Айнатас-1» тұрғын алаптарының жаңақұрылыс бөлігіндегі тұрғындарға сапалы су жеткізіледі деп жоспарлануда.