БАЛАЛАРҒА ҚАНДАЙ ЕКПЕ САЛЫНАДЫ?

Соңғы күндері балаларға коронавирусқа қарсы екпе салынады деген сөз жұрт арасында кең тарап кетті. Бұл ақпаратты былайғы жұрт үреймен қабылдауда. Жуырда Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жасады.

– «Балаларға вакцина салынады» деген қауесет халықты үрейлендіріп жатыр. Коронавирусқа қарсы вакцинаның балаларға салынатынын растайтын ешқандай ресми құжат жоқ. Сондықтан мұндай ақпаратты таратуды доғару керек.
Осылай деген Бақытжан Жолдасбекұлы ағымдағы жылдың 15-қыркүйегінен бастап елімізде тұмауға қарсы екпе салдыру шарасы басталатынын айтты. Тұмауға қарсы вакцина бәріне бірдей мәжбүрлі түрде салынбайды. Вакцина қауіп қатер тобындағы азаматтарға тұрғылықты мекен-жайы бойынша келісім берген жағдайда тегін салынады.
Өз сөзінде Бақытжан Жолдасбекұлы биыл дифтерия, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит, қызамық, эпидемиялық паротит аурулары тіркелмегенін жеткізді. Сонымен қатар ол, қалада өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қызылшамен сырқаттанушылық 2,9 есеге төмендегенін, қазіргі таңда 1-сынып оқушыларына білім беру мекемелерінде манту сынамасын жүргізу басталғанын, одан кейін БЦЖ туберкулезге қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.
Осы брифингке қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева да қатысты. Ол мектептерде балаларға коронавирусқа қарсы екпе салынады деген жалған ақпарат туралы өз ойын былай деп жеткізді.
– Мектептерде балаларға короновирусқа қарсы вакцина салу орын алған жоқ. «Мектепте балаларға вакцина салынады» деген сөздерге сенбеңіздер. Кез келген 18 жасқа толмаған балаларға ата-ананың рұқсатынсыз ешкім де, ешнәрсе істей алмайды. Балалардың денсаулығы біздің де, Үкіметтің де бақылауында. Десе де, Сіздер білім беру ұйымдарына балаларыңызды бетперделік режиммен жіберулеріңізді сұранамын. Сондай-ақ, алдағы уақытта сыныпта ковид инфекциясы расталған жағдайда дизинфекция жұмыстары жүретінін хабардар еткім келеді, -деді.
Қаладағы 203 мектепте 223 мың оқушы штаттық режимде білім алуда. Ал 11 оқушының ата-анасы онлайн форматта оқуға өтінім берген.
Еске сала кетейік, жыл сайын 300 мыңнан астам қала тұрғыны тұмауға қарсы екпе салдырады. Оның басым бөлігі — балалар. Ал коронавирусқа қарсы салынып жатқан вакцинаның барлығы 18 жастан асқандарға арналған.
Айта кетейік, тұмау мен жұқпалы респираторлық вирустық инфекцияға қарсы екпе салу науқаны елімізде 15-қыркүйектен басталады. Осы мақсатта 2,5 млн. доза ресейлік препарат сатып алынған. Сатып алынған дозаның көлемі жалпы халықтың шамамен 13 пайызын қамтуға жетеді. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмау мен жұқпалы респираторлық вирустық инфекцияға қарсы екпемен халықтың кемі 10 пайызы қамтылуы тиістігін ескертеді.