ҚАЛАДА 275 КӨПҚАБАТТЫ ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРУДЕ
Шымкентте соңғы айларда тұрғын үй бағасы арзандаған. Мәселен, «Отау групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үйлерінің шаршы метрі 300 мың теңгеден 270 мыңға түскен.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі еліміздің Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаевтың мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жалпы биыл үшінші мегаполисте барлық қаржы көздерінен 1 188,5 мың шаршы метрді құрайтын 275 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Ондағы пәтерлер саны 14 551-ді құрайды. Салынып жатқан тұрғын үйлердің 79-ы немесе 4 832 пәтер Шымкент қаласы құрылыс басқармасы тарапынан бой көтеруде. Ал 18 үй (1 080 пәтер) «SHYMKENT» ӘКК» АҚ-мен, 178 үй (8 639 пәтер) жеке құрылыс салушылар есебінен салынуда.
Жоспарға сәйкес, бұл жылы 570 мың шаршы метр көпқабатты үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.