270 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖАҢАРАДЫ

Шымкентте жыл соңына дейін 270,3 шақырым жол пайдалануға беріледі. Осы бағытта қазіргі таңда қалада 182 нысанда немесе 311,3 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары қарқын алған.

Бұл туралы Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов қала әкімдігінің «Instagram» желісінде өткен тікелей эфирде мәлімдеді.
Басқарма басшысы тікелей эфир кезінде жол-құрылысы бойынша негізгі жұмыстарды атап өтті. Олар Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрық, Қонаев көшесі жалғасының құрылысы, магистралды көшелердегі орташа жөндеу, ішкі орам көшелеріндегі жөндеу жұмыстары.
Құрылысы қарқын алған Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысын толығымен аяқтау ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Нысан құрылысын «Bazis Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
Ал Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының екінші кезеңін («Ескі қалашық» аумағы) «Сити Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орындауда. Қазіргі таңда аталған нысан бойынша жер негізін жасау жұмыстары жүзеге асуда.
Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының үшінші кезеңінің құрылыс жұмыстары «КазахДорСтрой» серіктестігіне сеніп тапсырылған. Бүгінгі таңда 700 метр екі бағытты айналма темір жолын, 948 метр кәріз құбырын салу, 3,4 шақырым кабель желілерін жүргізу, 24 темір жол электр бағаналарын және 2 дана жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату жұмыстары орындалды.
Бұден бөлек, Шымкент қаласы бойынша 49,8 шақырымды құрайтын 71 көшені күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, Қаратау ауданы бойынша 15,4 шақырым, Абай ауданы бойынша 9,1 шақырым, Еңбекші ауданы бойынша 9,1 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта Шымкент қаласы бойынша жалпы ұзындығы 21,9 шақырым 9 магистралды көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ішкі орам көшелері бойынша жалпы 151 көше немесе 180,4 шақырым жолда жөндеу жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда 66 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталған.