БИЗНЕС БАСТАУҒА ӘРКІМНІҢ БАР ТАЛАСЫ

Шымкентте 69,5 мың шағын кәсіпкерлерік нысандары жұмыс істейді. Оның ішінде 24 177 кәсіпкерлік нысан Абай ауданында, 16 551-і Әл-Фараби ауданында, 16 151-і Еңбекші ауданында, 12 651-і Қаратау ауданында. Биыл белсенді шағын және орта бизнес нысандарының санын 71 мыңға жеткізу көзделген. Ал 2023 жылы олардың санын 83 мыңға дейін көбейту жоспарланған. Осы мақсатта ағымдағы жылдың наурыз айында Шымкентте инвестициялық штаб құрылған болатын. Өз кезегінде аталған штаб кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, қалаға инвестиция тартуға басымдық беруді мақсат етеді.

Жуырда аталған штабтың кезекті отырыс өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен өткен отырыста 9 жоба таныстырылды. Олар: көмірқышқыл газын қайта өңдеу, көкөніс және жемісті қайта өңдеу, құрғақ қоспалар дайындау, қоймалар өндірісі құрылысы, полимер өндірісі, көкөніс сақтау, құс фермасын салу, көпқабатты тұрғын үй жобасы және спорт кешенінің құрылысы.
Атап айтқанда, «РЕТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көмірқышқыл газын қайта өңдейтін кәсіпорын салуға ниетті. Жоба құны 3,5 млн АҚШ долларын құрайды. 2022-2023 жылдарға жоспарланған жоба тәулігіне 40 тоннадан астам көмірқышқыл газын қайта өңдеуге қауқарлы.
Сонымен қатар, жеміс және көкөністерді қайта өңдеуге маманданған «SLT» кәсіпорны 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын кәсіпорын ашуды көздейді. Өндіріс орны сағатына 3 тоннадан астам жеміс және көкөністерді қайта өңдейтін болады. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтар Түркия, Бельгия, Германия және Италиядан жеткізіледі. Бұл бағытта келісімдер жүруде.
Ал «КЕРЕМЕТ-САПА» серіктестігі қоймалар өндірісі құрылысын қолға алуды ұсынып отыр. Көкөніс сақтау бағытына маманданған серіктестіктің бұл бағыттағы құрылыс жұмыстарына «Алтынтөбе» тұрғын алабында жер телімі берілген. Жоба құны 500 млн теңгені құрайды.
Польшалық «Selena Group» компаниясы құрылысқа қажетті құрғақ қоспалар өндірісі жобасын қолға алуды ұсынды. Жоба құны 3 млрд теңге. Жеке кәсіпкер өндірісті 2021-2022 жылдары іске асыруды жоспарлап отыр. Оған қажетті 2 га жер телімін «Жұлдыз» индустриалды аймағынан беру көзделуде.
Ал «Шымкент құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құс ферманың құрылысы үшін 3 гектар жер телімі қажеттігіне назар аударды. Жылына 60 млн. дана жұмыртқа өндіретін кәсіпорынның жаңа жоба құны 1 200 млн теңге. Жоба 30 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтиды. Бүгінде жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, ФК «Самрук» жеке кәсіпкерлігі «Самрұқ» спорт кешенінің құрылысын салуды жоспарлауда. Соған сәйкес, мини-футбол алаңдарын ашу, жағажайдағы мини-футбол, ашық манеж, ауқымды спорттық іс-шараларды өткізумен қатар, бокс, күрес, шахмат, үстел теннисі, гимнастика, балет, каратэ және тағы басқа спорт түрлерін дамытуды көздеуде. Жоба құны 1 млрд теңге. Жобаны 2021-2025 жылдары іске асыру жоспарланған. Оған 4,0 га жер телімі қажет.
Сондай-ақ, штаб отырысында «ЮжСтройСервис» ЖШС-ның қоймалар өндірісі, «Казахстанская Нефтехимическая Компания КЕМИКАЛ» ЖШС-нің полимерлер өндірісі және «Prestige House» ЖШС-нің көпқабатты тұрғын үй жобасы таныстырылды.