55 ЖАСТА ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҒУ КЕРЕК…
Депутат 85 мың адамның зейнет жасын төмендетуді ұсынды
Елімізде 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны 600 мыңнан асады. Олардың 15 пайызы немесе 85,5 мыңы жұмыс істейді. Жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басым көпшілігі ерлер. Олар зейнет жасына 63 жасына толғанда шығады. Олардың физиологиялық жай-күйі мен денсаулық жағдайын ескерсек, 63 жасқа дейін жұмыс істеу оларға қиынға соғады. Олар көпбалалы аналар секілді 55 жасқа келгенде зейнетке шығу керек. Бүгінде бұл санаттағылар денсаулығына байланысты берілетін жәрдемақының мардымсыз болуынан әрі зейнетақыны көбірек алу үшін зейнет жасына жеткенге дейін жұмыс істеуге мәжбүр.
Кеше Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы Үкіметке осы мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Партия атынан сөз алған депутат Ерлан Смайылов елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғауға арналған бірқатар шара атқарылып жатқанмен, осы санаттағы жұмыс істейтін адамдардың зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі назардан тыс қалып келе жатқанын алға тартады.
Сонымен қатар ол, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың зейнет жасын төмендеткенде денсаулықты, диагнозды, еңбек сипатын және тағы басқа мәселелерді ескеру керектігін айта келе «Зейнетке шыққан мүгедек адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру тетігі жеке пысықтауды қажет етеді. Мысалы, қазіргі таңда мүгедектік бойынша төленетін жәрдемақыны және қосымша зейнетақының бір бөлігін алуға болады»,-деп атап өтеді. Сондай-ақ ол, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың денсаулығына байланысты шығындардың көптігін ескере отырып, зейнетке шыққаннан кейін де оларды еңбек ету құқынан айырылмауы қажеттігін атап өтеді.
«Уақыт».