Жерді жекеменшікке сату керек дегендер шынымен жұрттың қамын ойлап жүр ме?

Ағымдағы жылдың ақпан айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер шетелдіктерге сатылмайтыны да, жалға да берілмейтіні туралы мәлімдеме жасады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында айтқан бұл мәлімдемесі кезінде Президент Жер кодексі жобаларының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін бір айдың ішінде жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25-наурызда жұмысқа кірісуді тапсырған болатын. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керектігін шегелеген. Сөйтіп 23-наурызда жер комиссиясының құрамы бекітілді. Комиссияға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов төраға болып сайланды.
Бірден нақтылай кетейік. Комиссия жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді деген мәселені қайта екшемейді. Президент бұл туралы саяси шешімін жариялады. Соған сәйкес, бұл бойынша заң жобасы Парламентке енгізілген. Ал комиссия ауылшаруашылығы мақсатындағы жер қатынастары саласын дамыту мәселелері бойынша ұсынымды әзірлеуге кіріседі.
Көп ұзамай (25-наурызда) құрамында 80 адам бар комиссияның Қазақстан Республикасы территориясының 80 пайызын құрайтын (218 млн. га жер) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге қатысты мәселелер қаралатын алғашқы отырысы өтті. Одан кейін 3-сәуірде екінші, 10-сәуірде үшінші, 17-сәуірде төртінші отырысы болды. Төрт отырыста елдің ен байлығына қатысты қандай ұсыныстар айтылуда? Қандай мәселе ашық талқыға түсуде? Комиссияның кейбір мүшелері көптің мүддесін қорғап жүр ме әлде белгілі бір топтың ба? Ауыл шаруашылығына қатысты мәселеде айтылған қандай ұсыныстар бойынша азаматтардың пікірі екіге жарылып жатыр? Тарқатып айтайық…
Алғашқы отырыстан бастап бүгінге дейін қызу талқыланып жатқан мәселе ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтары үшін 49 жылға жалға берілуі туралы мәселе қызу пікірталас тудырды. Мұны қолдаушылардың қатарында Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев бар. Ол тіпті жердің жалға алу құқығын сақтай отырып, жердің атадан балаға мұра болып қалуын қамтамасыз ету керек деп есептейді. Соған орай 49 жыл пайдалану құқығы біткен соң, сол жерді пайдаланушы немесе соның ұрпағы әрі қарай конкурссыз-ақ пайдалануға алу үшін басымдық құқыққа ие болуы керек деп есептейді. Ал қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан болса мұндай ұстанымға түпкілікті қарсы. Өз кезегінде ол 49 жыл жалға алу уақыты аяқталған соң, оны қайтадан конкурссыз-ақ созу жерді жекеменшікке берумен пара-пар екенін алға тарта отырып, «Мұндай жүйенің соңы жерімізді бірнеше әулеттің ғана қолында қалатын жағдайға апарады» деп санайды. Сонымен қатар ол, жерді жалға беру мерзімін 49 жыл емес, тіпті 25 жылға дейін қысқарту қажет дегенді де айтады. Жиырма бес жыл уақыттың өзі бір буын екенін, яғни, өз ісін бастап, шаруасын шалқытамын дегенге толық жететін мерзім екенін айтады. Мұхтар Болатханұлы «елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жекеменшікке берілуіне толық қарсы екенін, жер әрдайым мемлекет меншігінде болуы тиіс» деген ұстанымнан айнымайтынын, және дамыған Ұлыбритания, Израиль, Австралия, Канада сынды елдердегі жүйе осындай екенін екшей түседі. Және халықаралық тәжірибе ретінде мұны қолдауға шақырады. Ал «SHOPAN ATA Қазақстан ұлттық қой өсірушілер қауымдастығы» дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Алмасбек Садырбай болса жалға беру мәселесі қатар жүре берсін, бірақ жер қазақстандықтарға жекеменшікке берілуі керек деген ойынан айнымай келеді. Бірқатар белсенділер Алмасбек Садырбайдың бұл мәлімдемесін терең талданбаған тұжырым деп санайды. Себебі «жер тек қазақтарға берілуі керек» деген ұран құр сөз болып қалатынын, егер жерді жекеменшікке беру заңдастырылатын болса, ел азаматтарының барлығына яғни, орыстарға да, украиндерге де, ұйғырларға да берілетінін, заң сондай екенін нақтылай түседі. Саясаткер Мұрат Әбенов болса «Жерді сатып қана нарық жасамайды, көп мемлекеттерде аренда нарығы бар. Жылда бағасын белгілейді. Сосын бүкіл қоғам, сол мемлекеттің азаматтары сол арендаға беру арқылы пайдасын көреді» деп есептейді. Бұдан бөлек Мұрат Әбенов ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азаматтарына жекеменшікке беру керек деген позицияны қорғап отырған комиссия мүшелерінің аты аталып, ашық көрсетілуі керектігін ескертеді. Ол кісінің бұл ұсынысын М. Тайжан толық қолдап, қуаттап отыр.
Айта кетейік, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 2003-2016 жылдар жекеменшікке беріліп келді. Осы уақыт аралығында 1 млн. 300 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер жекеменшікке өткен. Бұл еліміздегі барлық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 0,6 пайызын құрайды.
Комиссия құрамындағы «SHOPAN ATA Қазақстан ұлттық қой өсірушілер қауымдастығы» дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Алмасбек Садырбай, экономист Рахым Ошақбаев, «Бағбандар одағы» жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Болатбек Әлиев, «Олжа Агро» ЖШС-нің бас директоры Айдарбек Қожаназаров, «Агротехнология» ғылыми-өндірістік шаруа қожалығының басшысы Керімхан Егізбаевтар жердің жекеменшікке өтіп сатылуын толық қолдап отырған азаматтар. Кейбіреулер бұл азаматтардың барлығының жеке шаруа қожалығы бар екенін, мұндай ұстанымда болуының себебінің артында халықтың емес, өз мүдделерін ойлап тұруымен байланыстыруда.
Мұндай ойды Мұхтар Тайжан да қуаттайды. Ол жер комиссиясының құрамындағы азаматтардың басым көпшілігінің жері бар екенін ашық айтады. Комиссия отырысында жер кадастры ашық болуы керектігін, халық мемлекеттің жеріне кімнің шаруашылық жүргізіп отырғанын жақсы білуі тиістігі де айтылады. Мұны жеке мәліметтерге қол сұғу деп есептейтіндерге Мұхтар Тайжан «Олай емес. Себебі, ауылшаруашылыққа арналған жерлердің 99 пайызы ол мемлекеттің меншігі. Сондықтан, бұл жеке мәлімет туралы Заңға қайшы емес» деп нығырлайды.
Ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшіктің емес, тек мемлекеттің құзырында болу керектігін сенатор Ақылбек Күрішбаев та қолдай отырып, «Жер тек қана жалға берілуі тиіс. Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасы негізінен жер асты пайдалы қазбаларының арқасында дамуда. Бірақ, олар бір кездері аяқталатын ресурстар. Сол кезде бізге ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану қолжетімді болуы керек» дегенді алға тартады.
Сондай-ақ, жер комиссиясында жер инспекторларының жергілікті әкімдерге бағынышты болуы қисынсыз екені айтылуда. Бұл туралы М. Тайжан «Әкімдер бір қолымен жерді бөліп береді, екінші қолымен өзін өзі бақылап отырады. Бақылау қызметі жер агенттіктерінің құзырында болу кеерк. Ал жер агенттіктерін ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырынан шығарып, тікелей Президентке бағындыру керек»,- дейді.
Бұдан басқа заңгер Базарбек Бақытжан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің нысаналы мақсатының өзгеруіне мүмкіндік беруді тоқтатуды көтереді. Және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді банкке кепілге қоюға тыйым салуды алға тартады. Осы мәселеге қатысты Мұхтар Тайжан банкте кепілде тұрған ауыл шаруашылығы мсақсатындағы жерлерді Үкімет мемлекет меншігіне қайтару керек деп есептейді. Комиссия отырыстарында бірқатар азаматтар субарендаға жол берілмеуі керектігін кесіп айтуда. Субарендаға жол ашу латифундистердің негізі деп санайды. Ал саясаткер Расул Жұмалы латифундизмге тосқауыл қою бағытында жерді жалға беру кезінде оның көлемі бойынша ең жоғарғы шектеуді белгілеу керектігін, яғни, 10 мыңдаған гектар емес, 500 гектарға дейін немесе басқа бір межемен шектеу керек дегенді ортаға тастайды.
Жер комиссиясы отырыстарының негізгі мақсаты – өгіз өлмейтін, арба сынбайтын, таразы басы тең болатын, екі жаққа да тиімді заң жобасын әзірлеу. Бұл бағытта айтылған осы және өзге де ұсыныстардың қайсысы құр сөз болып қалмай, қолданыстағы заңмен реттелетінін уақыттың өзі көрсетеді. Бірақ болып жатқан процесске ешкім бей-жай қарамауы керек. Себебі күн тәртібінде елдің, халықтың меншігі мен байлығының тағдыры талқыланып жатыр. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер тек шаруа қожалықтарының бас қатыратын мәселесі емес. Тұтас қазақстандықтарды толғандыратын тақырып. Сондықтан да әр азаматтың ойы мен ұсынысы маңызды рөл ойнайды.
Айта кетейік, ел территориясының аумағы 272 млн. гектар жерді алып жатыр. Территориясы жағынан еліміз әлем бойынша тоғызыншы орында. Соған қарамастан елімізде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін сұрап, кезекте тұрған азаматтардың саны 1,5 млн.ға жетеді. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерінің көлемі жағынан алтыншы орында. Бірақ көптеген ауылдарда жайылым жерлер жеткіліксіз. 2016 жылы Үкіметке ауылдың малын жаю үшін бөлінген 32 млн.-нан аса гектар жер жеткіліксіз екені ұсынылған. Содан бері төрт жыл өткенмен, айтылған жәйт әлі күнге дейін мәселе күйінде қалып отыр…

С.НҰРАЙ.