ӘР АУДАННЫҢ «ШЫМКЕНТ-СИТИ» ҮЛГІСІНДЕГІ АУМАҒЫ БОЛАДЫ

Шымкенттің әр ауданында «Шымкент-Сити» жобасы бойынша бой көтеретін шағын аудан салынады. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Инвестициялық штабтың отырысында осылай деді.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Мұндай жобаның қолға алынуын қала әкімі Мұрат Әйтенов «Қаланың даму жолы аясында, әр ауданның өз орталығы, өз саябағы, өз емханалары, өз мектептері болуы қажет. Сондықтан болашақта әр ауданнан «Шымкент-Ссити» секілді үлкен жаңа, заманауи шағын аудандар саламыз. Жаңа құрылысқа инвесторларды тарту жұмыстарына аудан әкімдері де атсалысуы керек. Халық орталыққа қарай емес, қажеттісін өз ауданынан шықпай-ақ таба білуі тиіс»,-деп түсіндірді.
Қала әкімінің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында инвестиция әлеуеті зор жобалардың мәселелерін шешу жайы қаралды. Жиын барысында қала басшысы инвесторлармен Zoom платформасы арқылы байланысқа шықты. Мұрат Дүйсенбекұлы шетелдік кәсіпкерлермен сөйлесу кезінде Шымкентте инвесторлар үшін барлық жағдай жасалатынын айтып өтті. Өз сөзінде ол «Шымкент – инвестицияға қолайлы қала. Бізде арнайы экономикалық аймақ пен бірнеше индустриалды аймақ бар. Қосымша жаңа индустриалды аймақтардың құрылысы жүргізілуде. Оның бірі — «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. Елуден астам кәсіпорын құрылады. Сонымен бірге, біз жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша толық қолдап, кедендік салықтық режим, тегін жер телімі, мемлекеттік қолдау және дайын инфрақұрылым қарастырғанбыз»,-деді.
Сонымен қатар ол, құрылысы аяқталуға жақын АГРС-3 автоматтандырылған газ станциясы пайдалануға берілгенде қала тұрғындарымен қатар кәсіпкерлік саласындағы нысандар да 100 пайыз сапалы көгілдір отынмен, ал, «Бозарық» қосалқы станциясы іске қосылғанда толық электр қуатымен қамтылатынын жеткізді.
Бүгінде Шымкент қаласында 2021-2025 жылдарға арналған құны 3 триллион теңге шамасында болатын 210 жобадан тұратын пул құрылды. Бұл жобалармен 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Алдағы бес жылда жүзеге асатын жобалардың 99 өнеркәсіп саласы болса, 25-і ауыл шаруашылығы бағытындағы болып табылады. Бұдан бөлек, білім саласында —20, денсаулық саласында -9, сауда-саттық саласында — 15, туризм саласында -8, тұрғын үй құрылысы бойынша — 31, көлік және коммуналдық қызметтер аясында — 3 ивестициялық жоба бар.
Штаб отырысын қорытындылаған Мұрат Әйтенов инвестициялық келісімдер жасау жөнінде шешімдер қабылдаудың негізгі орталығы Инвестициялық штаб болатынын жеткізді. Және штаб отырысында көтерілген мәселе, хаттамаға енгізіліп, оның орындалуы жіті бақылауға алынуы тиіс екенін атап өтті.