ҰЛЫЛАРДЫҢ ҰЯСЫНА АЙНАЛСЫН
Шымкентте «Қаратау» дәстүрлі ұлттық өнер мектебі ашылды. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында ашылған мектепке басшылық ету айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуовқа тапсырылды. Ғимараттың салтанатты ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, лентасын қиды.
Жаңа ғимарат алғашында саз мектебі үшін салынған. Бірақ қала әкімінің тапсырмасына сәйкес нысан дәстүрлі өнер мектебі болып қайта жасақталды. Мұндағы мақсат – төл өнерімізді дамытуды жан-жақты жандандырып, оны жастар арасында кеңінен насихаттау болып табылады.
Балалардың өнері шыңдалатын мектепті аралап шыққан Мұрат Дүйсенбекұлы бұл ғимараттың ұлылардың ұясы боларына сенім артатынын жеткізді. «Дәстүрлі өнер – бұл біздің мәдени мұрамыз. Ұлттық өнер арқылы өскелең ұрпақтың бойына қазақтың дәстүрі мен тұрмысын, адамдық мінезін сіңдіре аламыз. Ата-бабадан мирас болған ұлттық болмыс пен ұлттық өнерді ұмыт қалдырмаудың бір жолы – оны жастарға үйрету Бұл мектептен кешегі Майлықожа, Мәделідей суырып салма ақындар, Сүгір мен Төлегендей шебер күйшілер, Тәушен мен Әселхан апаларымыздай айтыскер қыздар шығады деп үміттенеміз. Ескі өнерді тірілтіп, жаңа заманға алып шығатын, Шымкенттің ғана емес Қазақтың атын әлемге шығаратын шәкірттер шығуына тілектеспін»,-деді.
Лентасы қиылған дәстүрлі өнер мектебi 10 бағыт бойынша балалардың талантын шыңдайды. Атап айтқанда, мұндағы ұстаздар талапты өрендердің ақындық, әншілік, күйшілік, шешендік, актерлық, би, қолөнер, бейнелеу өнерлері мен вокал, мультипликация бойынша шеберліктерін жетілдіреді.
«Қаратау» дәстүрлі ұлттық өнер мектебі Шымкент қаласы Бекет батыр көшесі, N5-үйде орналасқан. Мұнда 6-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспiрiмдер қабылданады. Үйірмелер ақылы. Мектепті бітірушілерге арнайы куәліктер беріледі.
Байланыс үшін телефон нөмірлері: 87711528302, 87087476989
@qaratau_mektebi