Алаш арысы Ә.Бөкейханға – 155 жыл!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын. Бағдарламада Елбасы «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес», — деп нақтылай айтып өткен еді. Сондықтан рухани жан-дүниені адамзат бойында қалыптастыру өмірлік жүріп отыратын үрдіс екенін түсінуіміз қажет. Бағдарламаның ерекшелігі ұлттық кодымызды сақтап, болашақ ұрпақ алдында ата-бабамыздың салған сара жолын аманат етіп қалдырумен сипатталады. 

Мұнда айтып өтетін құнды дүниеміз – ұлттық жаңғыруды тереңінен түсіне білуіміз шарт. Елбасы айтқандай, ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіріп. оның екі қыры бар екенін атап өтті: біріншісі, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту болса, екіншісі, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» болып табылады деп орнықты ойды айтып өтеді. Сондықтан рухани жаңғыру өмір бойы үздіксіз жүріп отыратын дүние екенін айта өтуіміз қажет. Мақалалық бағдарламада тұтас қоғамның және әрбір қа¬зақ¬стан¬дықтың санасын жаңғыртудың алты бағы¬ты көрсетіліп, алға қойған мақсатымызды айқындап, дамыған 30 елдің қатарына енуді бағдар етті. Елбасы ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс деген пікірін алға тартып, өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке то¬лы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды деп бағасын берді.
Алаш қайраткері, Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөздің ең ұлысы — тарих» дегендей, ұлтты тәрбиелеп, абыройын асқақтататын төл тарихымыз екенін айта кетуіміз керек. ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Тарих – өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі» дей келе, жас буынды Отанын сүюге тәрбиелеп, өз елінің тарихын білу міндет болып табылатынын жеткізгіміз келеді.
Әр жас ұрпақ рухани сауатты болуы үшін қазақ ұлты үшін жанын құрбан етіп, еліміздің ертеңі үшін тынбай қызмет еткен қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің еңбектерін жоғары бағалауы тиіс. Осы жолда ұлтымыздың өз алдына дербес ел болып қалыптасуында зор үлес қосқан XXғ. басындағы қазақ зиялыларының бірі, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға, ұлт – азаттық және Алаш партиясының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы — Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан туралы сөз етсек.
«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», — деп жырлаған Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан — 1866 жылы 5 наурызда Семей облысында дүниеге келеді. Биыл ұлт зиялысының туғанына – 155 жыл толып отыр. 1875 жылы Қарқаралыға жергілікті молданың қолында білім алады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқып, 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде білімін шыңдап, «техник» мамандығын иеленіп шығады. 1890-1894 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде білім алып, үздікке бітіріп шығады. Ұлтымыздың келешегі үшін аянбай еңбек етуді алға қойып, қазақ халқы білім мен мәдениетті меңгеруі керек деп шешеді. Осы жолда тер төгіп, болашақ ұрпақ үшін барлық ерік-жігерін жұмсайды.
«Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден», — деп айтқан Алаш қайраткері қоғамдық – саяси жұмыстарда белсенділік танытады. Ұлт зиялысы 1905 жылдан бастап Ресей конституциялық — демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі, оның қазақ бөлімшесін құру мақсатында Оралда, Семейде жиындар өткізеді. Қарқаралыда патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы өткен қозғалысқа қатысып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болды. 1906 жылы Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омичъ» және «Иртышъ» газеттерінде; 1908 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищъ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарады. 1911-1914 жылдар аралығында «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді. 1917 жылы Әлихан Бөкейхан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын құрады. Алаш автономиясы жарияланып, алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. 1919 жылы большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Ә. Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады.
Ұлт зиялысы 1926 жылы екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартады. Мәскеуге жер аударылып, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпаудың амалын қарастырды. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлихан Бөкейханды 1937 жылы тамызында қайта тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі. 1989 жылы 14 мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақталып шығады.
«Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!», деп өткен Алаш арысы Әлихан Бөкейханның – 155 жылдығын тойлау қарсаңында елі үшін жасаған игі істерін назарға алып, елімізде есімі ұлықталатын сәттер де таяп қалды. Барлық ұлт-зиялыларының еңбектері еленіп, келешек жас ұрпақ бойында рухани және патриоттық тәрбиені сіңіруде жалғасын табатын болады.

А.Тлеуов,
М.Әуезов атындағы
ОҚУ профессоры

Д.Пазылова,
аға оқытушы.