КҮНГЕЙДЕ ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ ТІРКЕЛУІ КЕМІДІ
Қазақстанда 190 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдыққан. Өкінішке орай жаман кеселдің ілмегіне іліккендердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Былтыр 36 мыңнан астам адамға қатерлі ісік диагнозы қойылған.
Уақыт өткен сайын аурудың жасарып бара жатқаны мамандарды алаңдатып отыр. Аурудың нақты себебі әлі белгісіз. Десе де зерттеулер аурудың пайда болуына радиациялық әсер, күйзеліс пен психоэмоцианалды факторлар әсер етуі әбден мүмкін екенін алға тартады. Дерттен айығудың ең төте жолы – ерте анықталған диагноз.
Елімізде қатерлі ісіктің ең көп тараған түрі сүт безі ауруы болып тұр. Одан кейінгі орында өкпе, асқазан, ішек пен жатыр мойны обыры. Ресми статистикада жыл сайын онкологиялық аурулардан елімізде 14 мыңнан астам адам көз жұматыны жазылады.
Айта кетейік, 4-ақпан бүкіл дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. Осыған орай өңірлердегі ауруханалар мен емханаларда қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында ашық есік күні өткізілді. Мұндай шара Түркістан облысындағы медициналық ұйымдарда да жүргізілді. Нәтижесінде 360 адамға онколог, маммолог, гинекологтың кеңесі берілді. Барлығы 152 адамға ультрадыбыстық зерттеу жасалып, 25 адамның асқазанына эндоскопиялық тексеру жүргізілді.
Бүгінде Түркістан облысы онкологиялық аурулардың тіркелу көрсеткіші жағынан республикада соңғы 17-орында тұр. Қатерлі ісік салдарынан өлім-жітім көрсеткіші бойынша облыс 16-орында. Облыстағы онкологтар мұны скринингтік тексеру жұмыстарының өз деңгейінде орындалуымен байланыстырады. Өткен жылы Түркістан облысы бойынша, сүт безі қатерлі ісігінен 72210 әйел, жатыр мойны ісігінен 67453 әйел, ал тік ішек қатерлі ісігінен 82533 адам скринингтен өткен.