ТӨЛЕБИДЕ ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ САЛЫНАДЫ

Биыл Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласында 80 орындық оқушылар үйі бой көтереді. Нысанның жобалау-сметалық құжаттары былтыр әзірленген. Осы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында оның құрылысына қажетті қаржы бөлу сұранысы қолдау тапқан.

Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Оқушылар үйінде өскелең ұрпақ спорттың жеңіл атлетика, еркін күрес түрлері бойынша шынығып, шыңдалатын болады. Он саусағынан өнері тамған балалар мүсін жасаудың қыр-сырын үйрене алады. Тігіншілікке ебі бар қыз балалар да арнайы үйірмелерге қатысып, тәжірибе жинайды.
Айта кетейік, аудандық оқушылар үйінің ғимараты заман талаптарына сай емес. Әуелі нысан 1937 жылы шахта жұмысшылары үшін жатақхана ретінде салынған. Соғыс жылдарынан кейін ғимарат қалалық №7 бастауыш мектебіне, 1960 жылдан бастап №5 орта мектебінің бастауыш сынып оқушыларына берілген. Ал, 2010 жылдан бері аудандық оқушылар үйі ретінде жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда үйірмелер жүргізуге ғимараттың бөлмелелері жеткіліксіз. Сондықтан да оқушылар сарайы үшін жаңа ғимараттың салынуы ел күткен жаңалық болатыны сөзсіз.