ДІҢКЕГЕ ТИГЕН ДЕРТ СОЛТҮСТІК ӨҢІРДЕ ӨСІП ТҰР
Сарсаңға салған сырқат. Коронавирус індеті қаңтарда қайта күшейіп отыр. Айдың екінші аптасында еліміз «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» өткен еді.
Көп ұзамай республикамыз әлем бойынша коронавирустың «қызыл аймағына» енді. Еліміздегі 8 өңір эпидахуалы қолайсыз күйге түсіп отыр. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан қалалалары мен Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары. Кешегі апта Батыс Қазақстан облысы қызыл аймаққа өтудің сәл-ақ алдында тұрғаны ескертілген болатын. Сонымен қатар Қарағанды облысындағы ауру жұқтырғандарды тіркеу көрсеткішінің статистикасы «қызыл аймаққа» өту қаупіне жақындағаны айтылған. Бірақ қазіргі таңда (27 қаңтардағы жағдай бойынша) Қарағанды облысы сары аймақ белдеуінде тұрған жалғыз аймақ болып табылады. Ал қалған өңірлерде жағдай тұрақты. Десе де жалпы ахуал алаңдатарлық.
Мәселен, 25-қаңтарда 1500-ге жуық адамнан COVID-19 вирусы табылған болса, 26-қаңтарда 1400-ге жуық адам вирус жұқтырған.
Жалпы пандемия басталғалы бері елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 181 мыңнан асты. Өкінішке орай 2476 науқас көз жұмды. Емделіп шыққандардың саны 163 156 адамға жеткен. Қазіргі таңда қауіпті вирустан 27 мыңнан астам адам емделіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі 300-ден астам адамның жағдайы ауыр екенін хабарлады.
Пандемия басталғаннан бері бүгінге дейін індетті жұқтыру дерегі ең көп тіркелген өңір Нұр-Сұлтан қаласы. Одан кейінгі орында Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысы тұр.
Ал әлем бойынша індетті жұқтырғандар саны 100 миллионнан асты.