ҚОР АҚШАСЫН 45 КҮНДЕ ЖАРАТПАСАҢЫЗ НЕ БОЛАДЫ?
Өткен сенбіде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жинақталған қаржының бір бөлігін жаратуға мүмкіндігі бар 760 мың азаматтан өтінімдер мен құжаттарды қабылдайтын портал іске қосылды. Енді enpf-otbasy.kz онлайн платформада өтініштер қанша уақыт қаралады? Қолданылу мақсаты шектеулі қордағы қаражат салымшылар ашқан арнайы шотқа қашан түседі? Қорда жинақталған қаржының бір бөлігі қандай мақсаттарға жаратылады? Ақшаны жарату үшін азаматтар нені білуі керек? Осы бағытта мамандардың айтқан пікірлерін топтастырып, шолу жасалық.
Онлайн платформаға өтінім бермес үшін ең алдымен азаматтар БЖЗҚ-да жиналған қаржысы жеткілікті шектен асатынын білуі тиіс. Мәселен, 20 жастағы салымшы үшін жеткілікті шек 1 млн. 710 мың теңге болса, 25 жастағы азамат үшін 2 млн. 90 мың, 30 жас — 2 млн. 500 мың, 35 жас -2 млн. 940 мың, 40 жас -3 млн. 420 мың, 45 жас -3 млн. 930 мың, 50 жас — 4млн. 470 мың, 55 жас -5 млн. 60 мың, 59-62 жас — 5 млн. 560 мың теңгені құрайды. Азаматтар осы көрсетілген жеткілікті соманың қалған бөлігін ғана ала алады. Өтінімді толтыру кезінде қордағы қаржыны жаратудың мақсатын көрсету керек. Ал қордағы қаржы тұрғын үй жағдайын жақсарту мен денсаулықты түзеуге ғана жұмсауға берілетіні белгілі. Қазіргі таңда тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану қағидалары бекітілген. Денсаулық сақтау министрлігі қор қаржысын медициналық мақсатта жарату қағидасын қаңтардың аяғына дейін жариялайтынын мәлімдеп отыр.
Азаматтар тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қор қаржысының жеткілікті шектен асқан сомасын алу туралы өтінімдерді жоғарыда көрсетілген онлайн-платформаға жолдайды. Уәкілетті оператор «Отбасы банкі» өтінімді екі жұмыс күні ішінде қараған соң, БЖЗҚ-на жолдайды. Қор өтінімді бес жұмыс күні ішінде қарайды. Бір айта кетерлігі өтінімде азаматтар қор ақшасының қандай мақсатқа жұмсалатынын да көрсетеді. Сөйтіп тиісті қаржыны арнайы ашылған есепшотқа жібереді.
Бұған дейін де қордағы қаржы азаматтарға қолма қол берілмейтіні айтылған. Сол үшін де азаматтар нақ осы қордағы қаржы түсуі үшін арнайы шот ашуы тиіс. Арнайы шотты «Отбасы банкі», Халық банкінен ашуға болатынын айта кетейік.
Қордағы қаржыны қандай мақсаттарға жұмсай аламыз?
Қордағы қаржыны үй сатып алуға, немесе оны ауыстыруға, тұрғын үй үшін алғашқы жарна ретінде құюға болады. Егер бұл мақсаттар үшін қордан алынған қаржы жеткіліксіз болса, басқа қаражат көзін пайдаланып қосып төлеудің жолдары да рұқсат етіледі. Қордағы рұқсат етілген қаржының бір бөлігін ауылды жерден баспана алуға да жұмсай аласыз. Сонымен қатар қаладан алғашқы немесе екінші нарықтағы пәтер алуға да жаратасыз. Яғни, шектеу болмайды.
Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы жинақтағы қаржының бір бөлігін халыққа беру тетігін жолға қою туралы тапсырмасы кезінде оны үй алумен қатар, баспанаға жөндеу жұмыстары үшін пайдалануға жарату қажеттігін айтқан болатын. Бірақ қордағы қаржыны жарату механизмін жасауда тиісті ведомствалар бұл мақсатты мақұлдамаған. Өз кезегінде еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі комитет төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев мұның себебін былай деп түсіндіреді. «Егер қордағы қаржының алуға рұқсат етілген бір бөлігі жөндеу жұмыстары үшін берілетін болса, оның мақсатты жұмсалуын қадағалау бізге қиынға соғады. Ақшаны алған әрбір адамды қадағалау үлкен шаруаға айналады. Сол үшін де үйді жөндеуге қаражат беру туралы шартты мақұлдамадық. Бірақ пәтер алғашқы нарықтан алынған жағдайда оның ішін әрлеу жұмыстары үшін қордағы қаражатты пайдалануға болатыны туралы шартты қостық. Жөндеу жұмыстары үшін қаржыны банк береді және мақсатты жұмсалуын тексереді»,- деді. Сонымен қатар ол, қордағы қаржымен ипотекалық қарызды жабуға болатынын, ал тұтынушылық несиелерді жабуға болмайтынын айтып өтті.
Бұдан бөлек қордағы қаржыға тұрғын үй салуға арналған жер телімдерін алуға болады. Алынған жерге екі жыл ішінде үй салынуы керек екенін айта кетейік.
Естеріңіге сала кетсек, Қазақстан Республикасы Қасым-Жомарт Тоқаев БЖЗҚ-дағы қаржының бір бөлігін алу туралы Заңға 1-қаңтардан қол қойған болатын. Содан бері салымшылар жиналған қардысы туралы мәліметті алу үшін БЖЗҚ-ның ғимараттарына қарай бет алуда. Салдарынан қор ғимараттарының алды ұзын сонар кезекке айналған. Ал қор қызметкерлері болса азаматтар сабылмай-ақ 1418 байланыс орталығына хабарласып, қажетті мәліметті біле алатынын айтуда.
Айтпақшы арнайы шотқа ақша түскеннен соң оны рұқсат етілген мақсаттарға жаратуды 45 күннің ішінде жүзеге асыруыңыз тиіс. Егер бұл мерзімде жұмсап үлгермесеңіз, ақшаңыз жинақтау қорына кері қайтарылады. Оны қайтадан шотыңызға түсіру үшін, тағы да өтінім толтыруыңыз қажет.