ШЫМКЕНТТЕ ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ 11-ҚАҢТАРҒА ДЕЙІН ҰЗАРТЫЛДЫ

Шымкентте коронавирус індетінің тіркелуі тоқтамауына, вирусты пневмания ауруының өсуіне байланысты карантин және шектеу шаралары 11-қаңтарға дейін ұзартылды.

Бұл туралы Шымкент қалалық бас санитариялық дәрігерінің 17-желтоқсандағы №46 Қаулысында мәлімделген.
Соған сәйкес, адамдар көп жиналатын отбасылық жиындарды, атап айтқанда, еске алу, туған күн, мерейтой, шығарып салу, той, құдалық, беташар өткізу тыйым салынады. Сонымен қатар, 65 жастан асқан азаматтардың көшеде себепсіз жүруіне шектеу қойылып отыр. Қаулыда бетперде тағу ережесін мүлтіксіз орындау қағидасы мен 2 метрге дейінгі әлеуметтік арақашықтықты сақтау да ескертіледі. Үй аулаларында, саябақтар, скверлерде 3 адамнан артық серуендеуге болмайтыны да шегеленген. Адамдар көп жиналатын сауда орталықтары, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендерде, халыққа қызмет көрсету саласындағы нысандарда күнделікті дезинфекциялық іс шаралар жүргізу тәртібі де қатаң сақталуы тиістігі көрсетілген.
Бас санитариялық дәрігер бекіткен Қаулыға сәйкес азық-түлік базарлар мен азық-түлік емес (мамандандырылған, киім-кешек, автокөлік және мал) базарлар, жәрмеңкелер сыйымдылығы 30 пайыздан аспайтын тәртіппен жұмыс күндері сағат 06:00-ден кешкі 18:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 09:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейтін болады.
Қоғамдық тамақтану орындары, кафе, мейрамхана, лаундж бар мен сауда ойын сауық кешендеріндегі тамақтану нысандарының қызметі жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 07:00-ден түнгі 23:00-ге дейін шектеледі. Тек ондағы үстелдер саны 50 адамға дейін ғана арналуы тиіс. Одан артық адамдарға қызмет көрсетуге рұқсат жоқ. Осы аралықта Шымкентте қалааралық, облысаралық автобустар мен шағынавтобустардың жүруіне де тыйым салынып отыр. Қала ішінде қоғамдық көліктер сағат 07:00-ден түнгі 23:00-ге дейін жүретін болады.
Қаулыда көрсетілген жалпыға ортақ бұл тәртіп 21-желтоқсанда сағат 00:00-ден бастап күшіне енді.

М. ӘБДІРАЙЫМ.