ТҮРКІСТАН ТУРНИР ӨТКІЗУ ТАЛАБЫНА САЙ КЕЛЕДІ
Түркістан облысында аймақтық футбол федерациясы құрылды. Түркістан облысының аймақтық футбол федерациясының мақсаты – облыстағы балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, сонымен қатар, аудан, ауыл-аймақтарда бұл спорт түрін УЕФА талаптарына сай өркендету. Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, генерал Хәкім Көшқалиев аталған федерацияның алғашқы президенті болып сайланды.
Осы мақсатта ұйымдастырылған жиында облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов балалар арасындағы футболды жаңартуда жаңашылдықтар орын алатынын айтты. Өз кезегінде ол жаңадан құрылған федерацияның алдында облыс командасын премьер-лигаға шығару, Түркістандағы жаңа стадионда Президент кубогы халықаралық турнирін өткізу, балалар мен бұқаралық футболды дамыту сынды міндеттер тұрғанын айтты.
Аламан доп ойынының мамандары да қатысқан отырыста отандық футболды дамыту мәселелері сөз болды. Мамандар оған негіз болатын шараларды өткізуге облыс орталығында жаңадан бой көтерген «Түркістан-арена» стадионы барлық талаптарға толық жауап бере алатынын алға тартты. Соған сәйкес, келер жылы жаңа маусымда премьер-лига командалары арасында Түркістан облысының намысын қорғайтын биылғы бірінші лига командалары арасындағы Чемпионатта күміс жүлдегер атанған «Арыс» футбол клубының жаңа құрамасы жасақталады. Сонымен қатар кәсіби футбол командасының атауы да өзгертіледі.
Облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын облыс жастары арасында танымал болған «Қала мен дала» облыстық чемпионаты да қалыпқа келтіріледі. Бұдан басқа өңіріміздегі стадиондардың инфрақұрылымдары да Қазақстан футбол федерациясының талаптарына сай көркейеді. Жоспар бойынша алдағы маусымда премьер-лига клубтары арасында 14 команда өнер көрсетеді. Қазақстан чемпионатын өткізуде Түркістан қаласындағы барлық нысандардың инфрақұрылымы талапқа сай келеді.