АРГЕНТИНАДА АБАЙ КӨШЕСІ БАР

Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Аргентина мемлекетіндегі көшенің біріне Абай есімі берілді. Ақжолтай ақпаратты еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.Ұлы ақынның есімі Аргентинадағы Росарио қаласындағы Сан Фернандо жаңа ауданыңдағы көшеге берілген. Ведомстваның хабарламасында «Қалалық кеңес төрағасының орынбасары Агапито Бланка өз мәлімдемесінде Абайдың қазақ халқы мен әлемдік мәдениет тарихындағы маңызды рөлін атап өтіп, қазақ ойшылының есімін қала көшелерінің біріне беру туралы шешімді кеңестің барлық мүшелері бірауыздан қолдағанын айтты.
Сондай-ақ, бұл аргентиналықтардың Қазақстанмен өзара іс-қимылды дамытуға бейілділігін және 2019 жылғы желтоқсанда жасалған Росарио мен Алматы арасындағы бауырлас қатынастарды куәландыратынын жеткізді», — делінген.
Жалпы, Қазақстаннан бөлек, өзге де елдерде Абай атымен аталатын көшелер бар. Айталық, Тәжікстан астанасы Душанбе қаласының басты көшелерінің бірі ардақты ақынның атымен аталады. «Сегіз қырлы, бір сырлы» дарын иесінің құрметіне Үндістанның Дели қаласындағы көшеге Абай есімі берілген. Украинаның Киев, Краматорск, Днепропетровск қалаларында да Абай атындағы көшені кездіресіз. Әзірбайжандықтар Абайдың шығармаларын сүйіп оқиды. Сондықтан да қазақтың біртуар ақынының есімі олар үшін жақсы таныс. Өз тұрғындарының санасына рухани сәуле сыйлаған ғұламаға құрмет ретінде Баку қаласындағы кезекті бір көше атауы Абай деп аталады. Көрші Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласының Шайхантахур ауданындағы басты көшеге қазақтың бас ақынының аты берілген. Ресейдің Алтай автономды республикасының Көш-Ағаш ауылында да Абай көшесі кездеседі.