МЕГАПОЛИС БЫЛТЫРҒЫ ШЫРШАНЫ ОРНАТАДЫ

Желтоқсанның алғашқы күндерінен бастап жаңа жыл мерекесінің тойлануына қатысты деректер жиі айтыла бастады. Пандемия әкелген әлектен Қазақстан өңірлері биылғы жаңа жыл мерекесін жылдағыдай атап өтпейтіні айтпаса да түсінікті.

Бұдан жыл басынан-ақ атаулы мерекенің шырайын аша түсу мақсатында атап өтілетін шараларға бағытталған теңгелерден шашау шықпайды деген тұжырым жасауға болады.
Бірақ ырық бермей отырған індетке қарамастан есік қағып кіргелі жатқан сиыр жылына орай қазынаның қыруар қаржысы жаратылатын сияқты.
Өткен аптада қалыптасқан жағдайға байланысты сары аймаққа өткен еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанды безендіру үшін 311 млн. теңге жұмсалатыны белгілі болды. Отандық БАҚ-тарда жарияланған бұл мәлімет мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған лоттар арқылы белгілі болған. Бұл мақсаттағы конкурстарға қаланы қыстық безендіруге ниетті мердігерлерден құжат алу мерзімі ағымдағы жылдың 7-желтоқсанында сағат 18:00-де аяқталатыны да көрсетілген. Жарияланған тендердің тапсырыс берушісі елорданың Сарыарқа ауданы әкімдігі болып табылады. Жеңімпаздар Нұр-Сұлтандағы ғимараттар, қоғамдық және өзге де орындарды қыстық кезеңге дайындамақ. Жарияланған лотта мерекелік шыршаны орнатуға қатысты нұсқаулық жоқ болғанмен, бұл мереке алдындағы қызған тірліктің нышаны екені анық.
Ал Алматы қаласы болса жаңа жыл шыршасы былай тұрсын, қыстық безендіруге де қаржы бөлмейміз деп бекініп отыр. Қала билігі тәуелсіздік күні мерекесінен кейін былтырдан қалған шырша қалпына келтіріліп орнатылатынын, ал ауқымды іс шаралар болмайтынын хабарлады. Жаңа жылдық отшашу үшін бюджеттен бір тиын да қарастырылмағанын тағы айтты.
Шыршаның шаттығы мен Жаңа жыл мерекесіне қатысты Шымкент билігі әзірге нақты ақпарат таратқан жоқ. Бірақ үшінші мегаполистің бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 11-желтоқсандағы Қаулысында салтанатты кештер, атаулы мерейтойлар, корпоративті банкеттер өткізу туралы шектеулер сақталатыны ескертілген.

М. ӘБДІРАЙЫМ.