«Белгісіз жауынгер»
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Созақ ауданынан майданға аттанып, елге оралмаған, хабар-ошарсыз кеткен Мақұлбек, Ерлек, Мұса сияқты көптеген ерлердің рухына!
— Қайран біздің бабалар жігері от, намысы жасын! Туған жер, ұлт, ер ертеңі үшін сүйегің қай жерде қалмады? Қайран біздің көкелер, кешегі қан майдан, Ұлы Отан соғысында шағын ауылдан аттанып, кебініңді қоса өзіңмен ала кетіп, келместің кемесіне мініп оралмадың.
Сенің жатқан жерің, жерленген орның да белгісіз. «Белгісіз жауынгер!» деген тырнақша ішіндегі 16 әріптің ішінде тұрсың. Бүгінгі 16 миллионнан астам қазақ халқының ішінен қанша шаңырақтың бас иесі, боздағы, біреулердің атасы, біреулердің әкесі мен ұлы осы он алты әріптің ішінде қалды. Жаны қалап, жарасым тауып шаңырақ көтерген күннің ертеңіне аяулы жарының ақ төсегінде бір-ақ күн жатып майданға аттанып, хабарсыз кеткен есіл ерлеріміз қаншама!
«Хабар ошарсыз кетті!-деген бірауыз сөзге сенбей бүкіл жастық өмірін, өмірде бір-ақ берілетін бар ғұмырын күтумен өткізіп, қара жолға қараумен қарашығын ақ шел қаптап, қос жанары ағарып кеткен пәк аналар қаншама! «Хабарсыз кетті!» Жаудың басынан бақайшығына дейін қаруланған жасағына, жалаңаш бесатармен, жалғыз-жарым гранатамен атойлай жүгірген қазақ батырлары қай орманда, қайсыбірі өзендердің түбінде, көмілген окоптың ішінде, балшық пен топырақтың астында қалмады. Бір шаңырақтан бірнеше боздақ аттанып, ең құрығанда біреуі тірі қалмауы, елге жарымжан, ең болмаса мүгедек болып оралмауы қалай?
Ұлы Жеңіске 75 жыл, соғыстың өрті тұтанған, яғни соғыс басталған 1941 жылға келесі жылы 80 жыл болады. Сексен жылдан бері «хабарсыз кетіп» белгісіз жауынгер тізімінде тұрған аталарымыздың рухы күллі әлемді кезіп жүргендей.
Сайын даладағы сағымдарда, қыраулы қыстағы аяздарда, сіркіреген жауынды күндерде, ұли соққан борандарда боздақтарымыздың ұлы рухы қосыла боздап, жалт-жұлт еткен бейнесі бір көрініп жоқ болатындай әсерді бастан кешіреміз.
«Белгісіз жауынгер» ескерткіші қасында тұрмын. Ол да хабарсыз кеткендер тізімінде еді. Бар жоғы 18-25 жас аралығында намысын жігеріне жанып, неміс басқыншыларынан кек алмақ ниетте сұрапыл майданға кіріп, кеудесін оққа төсеп соғыстың алғашқы күні-ақ жат жердің топырағында қалды. Оның басына белгі де қойылмады. Олар соғысқа кірерде командирі:-Бірде біреуіміз тірі қалмауымыз мүмкін. Олар біздің кім екенімізді білмеуі керек. Тірідей қолға түссек сатқын саналамыз. Сол себепті барлықтарың құжаттарыңды, қалталарындағы хаттар мен суреттерді ортаға жинап өртеңдер!»-деп бұйрық берді. Ол сол сәттен бастап олар белгісіз жауынгерге айналған еді. Сен соғысқа кеткенде сенің ауылда қалған, сені бүкіл ғұмырымен, көз жасымен күткен, ақ арыңды кірлетпеген, ақ төсегіңді жүн етпеген адал сүйген жарың қандай еді. Бүгінгі телеарна бетінде тура сенің жесір жасыңда күйеу іздеген, жартылай жалаңаш көше кезген қыздарымызды көргенде 80 жылда осындай болсақ 8-ғасырда ұрпағымыз азып, ар-ожданымыз тозып жоқ болармыз. Біз үшін, біздің бүгінгі бейбіт күніміз үшін жиырма жасында хабарсыз кетіп, қара жердің қойнында жатқан боздақтарымыздың рухы күңірене ме деп қорқамын.
«Хабарсыз кетті!» Отаны үшін, елінің ертеңі мен бейбіт өмір үшін жанын қиған азаматтар-ай! Қарт Қаратаудың шыңдарында ақ шаңқан бұлттармен араласып қыран құс қалықтап ұшып жүр. Бірде бұлтқа еніп жоқ болып кетеді. Бірде жарқ етіп құлаш қанатына бұлтты ілестіре шұбалаңдатып атып шығады. Бірде өз өзін жартасқа әкеп соғардай сорғалап төмен қарай оқтай зуылдап, құйындай түсіп, кенет көкке атылған ракетадай шапшаң ытқи ұшады. Мүмкін бұл шағын ауылын шартараптан бақылап, кие болып қалықтап ұшып жүрген оның, олардың көкесінің рухы шығар! Мүмкін.
Қайран біздің аналар
Ұлы Отан соғысында өзге өңірлердегі қазақ әйелдері сияқты Созақтың аяулы арулары ерлерін майданға шығарып салып, өздері тылда қалып ерлік пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетті. Олардың әр секунды естелікке, әр минуты дастанға, әр сағаты романға татитын. Ол аналардың шашының әр талында сағыныш пен уайымның, күту мен түңілудің, түндер бойы жылаған көз жасының исі мен ащы дәмі сіңген!
«Әйелдер арасында колхоз қозғалысына белсене араласып, ерлерден қалыспай жұмыс істеп, колхозды нығайтуға еңбек сіңірген, соғыс кезінде тылда ерлердің орнын басып басқару жұмысын қолға алғандары аз болған жоқ. Созақ ауданының әйелдерінің ішінен бірінші рет сілкіне шығып, колхоздастыруға белсене араласқан, Қазақ АССР Орталық Комитетінің мүшесі болған Өтегенова Тәттікүл, аудандық советі атқару комитетінің председателі Шайманова Маржанкүл, аудандық партия комитетінің хатшысы Масаева Үрқия, олардан басқа колхоздастыру ісіне өз үлестерін қосқан, соғыс кезінде еркектердің орнын басып, колхоз өндірісінде белсене жұмыс істеп, егін егіп, мал бағып, қайрат көрсеткендер көп болды. Солардың есімдерін бүгінгі ұрпақтың білгені жөн» деп («Бабалар соқпағы» 151-бет) шежіреші, көне көз қария Есіркеп Өмірбеков жазғанындай колхоздастыру кезеңінде, кешегі Ұлы Отан соғысында тылда жүріп, майданға кеткен, оралмаған, оққа ұшып жарымжан болған ер-азаматтардың орнын басып, жылап жүріп масақ теріп, бала өсіріп, белін шешпей бесігіне сүйеніп ұйықтаған Бердіқұлова Қызтөре, Алсаева Нысанкүл, Жанұзақова Тайбала, Қостаншиева Шынар, Жайылханова Саракүл, Жүсіпбекова Айшакүл, Аманжолова Жақсыкүл, Жанекеева Масаты, Шәмшиева Ұлтай сияқты мүсіндерін алтыннан соғатын асыл аналарымыздың есімін ұмыту ессіздік болар еді.
Хабарсыз кетті
Кешегі зұлмат, сұрапыл соғыс, майданның,
Қағаз бен қалам қайғының шерін қозғап қал.
«Хабарсыз кетті! Бір ауыз сөзбен ғұмыры,
Белгісіз жанға айналған сансыз боздақтар.
Біреудің қалды баласы, бәлкім тек жары,
Тәңірден бұйрық түскенде пәни озбақ бар.
Ұлты үшін жанын жамбы ғып тіккен оқтарға,
Ұрпақсыз мәңгі келмеске кеткен боздақтар.
Біреудің жалғыз тұяғы еді ол бейкүнә,
Мерт болса мәңгі ұрпақсыз шаңырақ із тоқтар,
Шежіре бетте нүкте боп қалған бейбақтар,
Қайран да, қайран оралмай қалған боздақтар.
Хабарсыз кетті! Моласы да жоқ, белгісі,
Қара қағаздар жоқ. Үмітті мәңгі үзетін.
Күтумен өтіп, тапсырған абыройына,
Ақ төсегі мен арының асқақ күзетін.
Хабарсыз кеткен! Келе ме әлде келмей ме,
Жүр екен көкем, тірі ме екен? Қай жерде?
Қуандық, Әбдеш көкелер есен келді ғой,
Аялдап мүмкін кешігіп жүр ме бір жерде?
-Дейді ғой ұлы әкесін тіптен көрмеген,
Хабарсыз кетсе әкеміз демек өлмеген.
Күндердің күні Ағалық жақтан кеп қалар,
Жаяулы жалпы маңдайы шып-шып терлеген.
Аман деп қойды іштегі кенже ұлына,
Әкесі аман келсін деп оның есімін
Аман да өтті әкесін күтіп өмірден,
Сағыныштарға тербетіп ғұмыр бесігін.
Алғашқы, соңғы бір-ақ хат келген майданнан,
Белгісіз оның мекен жайы да, қай маңнан.
Тұмарғып орап сақтады жүрек тұсына,
Сол хатпен оның тағдыры жіпсіз байланған.
Төреқыз, Набат, Әуесбек пенен Аманы,
Соңында Қалған Нәлікүл, Нұргүл қарағы,
Із болып мәңгі соңында оның қалады.
Әр келген көктем мамырдың тоғыздарында
Әкелер рухы кезеді байтақ даланы!
Жоқ әлі содан солдаттың ешбір дерегі,
Әжең болғанда; құмалақтарын сөйлетіп,
Түсіп тұр палым, тірі екен атаң дер еді.
Хабарсыз кеткен атаңнан күдер үзбе сен,
Құстармен бірге көктемде жылда келеді.
Мақсат Қарғабай.