Келешегіміз бүгінгіден де нұрлы болмақ
Кез-келген мемлекеттің келешегінің келбетті, елінің азаматтарының ахуалының жақсаруы экономикалық даму жағдайына тікелей тәуелді болатыны жасырын емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы, яғни 2020 жылғы халыққа арнаған Жолдауында жаңа жағдайдағы біз сөз етіп отырған экономикалық даму бағытына ерекше тоқталған. Онда белгілеген негізгі бағыт пен міндеттер сол Жолдаудағы ең үлкен бағдардың қатарында.
Елдің барша тұрғынына арналған Жолдауда «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп бастап, «Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек. Біз горизонтальды кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте сапалы, әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында» -деп қорытындылаған болатын. Міне, осы алғы күндердің алқалы міндеттерін жүзеге асыруда шалғайда орналасқан Созақ ауданындағы бүгінгі таңға дейінгі атқарылып жатқан және қол жеткізілген салалық жұмыстардың біршамасына нақтылы мәлімдемелермен талдау жасап көрейік.
Созақ өңірі ауа-райы құбылмалы, жартылай шөлейт аумақ. Өткен тоғыз айдағы көрсеткішті тұжырымдасақ ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім 9 967,5 миллион теңгені құраған. Жаңа ғана өзіміз сөзіміздің сарабы етіп көрсеткен шөлейтті аймақ үшін бұл кәдімгідей үлкен көрсеткіш. Егістік саласындағы іске асырылған тірліктің деңгейін шолып көрсек, биылғы жылы 13 100 гектар егістік жерді игеру тапсырмасы алғы міндет етіп тапсырылған. Оны сала бойынша бөлшектер болсақ 305 гектар жерге бидай, 1018 гектарға арпа, 1201 гектарға мақсары, 896 гектарға жүгері, 496 гектарға картоп, 489 гектарға көкөніс, 496 гектарға бақша дақылдары, 2511 гектарға жаңа жоңышқа, 5696 гектарға ескі жоңышқа орналастырылды. Мұнымен қоса облыстан берілген тапсырмаға сәйкес жеке қосалқы шаруашылықтарда үй іргелік жерлерін дамыту бойынша 22 азамат өздерінің егістіктеріне тамшылатып суару қондырғыларын орнатып, көкөніс дақылдарын екті. Алынған өнімдер аудан мен облыс аумақтарында сатылып саудаға түсті. Нәтиже көрсеткіштері жаман емес. Созақ ауыл округіндегі «Болыс ата» шаруа қожалығы өздері еккен алқаптан 112 тонна бақша дақылы өнімін Ресейдің Уфа қаласына сатылымға шығарды. Мұндай игілікті іс басқа қожалықтарды да жаңаша жұмыс істеп, агротехникалық талаптарды сақтай отырып, өнім көлемін көбейтуге қызықтыруда. Ол үшін техника ең қажетті нәрсе болып саналады. Өткен 9 айдың ішінде 25 дана ауыл шаруашылық техникалары аудан бойынша сатып алынса, оның 18-і жаңадан құрастырылған. Басқа азаматтарға да алдағы күндері мұндай мүмкіндіктер жасауды назарымыздан тысқары қалдырмаймыз. Енді сол алынған көліктердің маркаларын және құнын басқаларға айтып, мағлұмат жасасақ, ол ертеңгі күні сатып алушылардың санын арттырар деп ойлаймыз. Шолаққорған ауылдық округінен «Атамекен» қожалығы 10 миллион теңгеге «Lovol 9041 маркалы трактор және дәрі шашатын құрылғы, «Қызылкөл» шаруа қожалығы 4 миллионға «Тукан» шөп тайлағышын, 2 миллион теңгеге «КДП 4» шөп орағы және «ГПГ 4» тармасын алып, қазір өз игіліктеріне пайдалануда. Жеке кәсіпкерлер де өздерінің кәсіптік ісін жақсарту мақсатында жаңа техникаларды иемденуге көбірек назар аударып отырғандығы қуантады. Омар Мұхит пен Нахыпбеков Базарбай 14 миллионға 2 бірлік фронталды «LW30KN1» жүктиегішін сатып алған.
Күнделекті шаруа үшін аса ыңғайлы және тиімді доңғалақты тракторлар алу да шағын кәсіпкерліктегі шаруалар үшін назардан түспей, ұдайы басты мақсаттарының қатарынан табылып жатады. Созақ ауылдық округінен «Жасур» шаруа қожалығы 11 миллионға «Беларус 80,1» маркалы тракторын және «Тукан» маркалы шөп тайлағышты, «Асқар» шаруа қожалығы және «Ельдар» шаруа қожалығы 7 миллион теңгеге «Беларус 80,1» маркалы тракторларын сатып алып, өз иеліктеріндегі ең жақсы көліктердің қатарына қосты. Қарақұр ауыл округінен жеке кәсіпкер Көбелеков Азамат 13 миллионға «LW30KN1» жүк тиегішін, тағы бір жеке кәсіпкер Жұманбеков Нұрлан «LW50KN1» жүк тиегішін сатып алды. Қазір қажетті көлікті алудан Жартытөбе, Құмкент ауылдық округіндегі шаруалар да қалысар емес. Мұның барлығы аудан өңірінде ауыл шаруашылығын оның ішінде егістік өнімінің мөлшері мен сапасын арттыруға көп көмегін тигізуде.
Тағы бір айта кететін басты мәселе – осы егін шаруашылығына байланысты. Мемлекеттен бөлінетін 25 пайыздық техника құнының инвест-субсидиясы ауданның аумағындағы 3 шаруа қожалығының есеп шоттарына түсті, ал қалған бірнеше қожалықтар «Қолдау.кз» сайты алқылы құжаттарын электронды түрде өткізуде.
Жайылымдардың мал шаруашылығы үшін аса қажеттілік екендігі бәрімізге мәлім. Оны суландыру жұмыстары «Жайылымдарды суландыру» бағдарламасы бойынша тікелей жүзеге асырылуда. Осы бағытқа орайластырып аудан бойынша 27 құдық қазылып, онда 40 күн сәулесі арқылы жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Тағы бір айта кететін мәселе инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субьектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеумен тікелей байланыстырылып отыр. Ол үшін жалпы есептегенде 150 миллион 800 мың теңге субсидия алынды.
Кеңестер Одағы кезінде Созақ өңірі қаракөл қойын өсіруден, бағалы елтірі дайындаудан көш бастағандардың қатарында еді. Шаруашылықтардың таратылуына байланысты қой санын көбейту, олардың өнімін арттыруда біраз мезгіл тоқырау болғандығын жасыра алмаймыз. Қазір мал шаруашылығын дамыту өзіміз дағдарысқа ұшыраған кезден қомақты қорытынды шығарып, елеулі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз. Биылғы жылдың алғашқы үш тоқсанындағы көрсеткішті алып қарасақ мал және құс шаруашылығында едәуір ілгерілеушілік айқын аңғарылады. Мүйізді ірі қара саны 36 688 басқа, қой мен ешкі 316 881, жылқы 20 612, түйе 13 666 басқа жетсе, құс саны 23 531-ге жетіп отыр. Егер өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткішті алып, сарапқа салсақ ірі қара 100,7 пайызға, қой мен ешкі 100,8 пайызға, жылқы 113,1, түйе 120,2 пайызға жоғарылаған. Тек құс шаруашылығында көрсеткіш 91,8 пайыз болып, кейін тартқанын ескерсек, оны жоғарылатуды алдағы жылдағы ең еңселі міндеттеріміздің қатарына қосып отырмыз.
Осы мал және құс шаруашылығының саны көтерілгеннен кейін олардан алынатын ет, сүт және жұмыртқа өнімдері ілгерілеп, көтеріле түсетіні айтпаса да белгілі. Өткен 9 ай ішінде ет сойыс салмақта 8 737,1 тонна, сүт 12 852 тоннаға жетсе, жұмыртқа 2 365,8 мың дана болып отыр. Енді былтырғы кезеңмен салыстырғанда өнімдерді өндіру көлемі еттен 100,1, сүттен 100,5, жұмыртқадан 103,7 пайызға артық орындалғанын көреміз.
Еліміздегі ең басты бағдарламалардың қатарындағы «Сыбаға» бойынша мүйізді ірі қара тұқымын түрлендіру мен асылдандыру мақсатында Қарақұр ауыл округі 3 бас, Созақ 6, Құмкент 11, Сызған 17, Қаратау 2, Жуантөбе 4, Тасты 10, Жартытөбе ауыл округі 9, Қыземшек кенті 2 бас, барлығы 64 бас асыл тұқымды бұқалар сатып әкелінді. Аудан бойынша 2992 бас мүйізді ірі қараның аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды.
Созақ ауыл округінен «Түгіскен» шаруа қожалығы (төрағасы Е. Өміртаев) «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 12 млн.теңге несие рәсімдеп, Ресей Федерациясының Алтай өңірінен 24 бас «Ақбас», Қарақұр ауыл округінен жеке кәсіпкер Омарбек Жасұлан өз қаржысы арқылы 70 миллион теңге несие рәсімдеп, Ресей Федерациясының Алтай өңірінен 100 бас «Калмык» асыл тұқымды мүйізді ірі қара аналықтарын сатып әкелді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2020 жылы 1660 бас түйе аналығын сатып алу межесі белгіленіп, 9 айдың қорытындысымен 1980 бас түйе аналығы сатып алынды. Оның ішінде 1000 бас түйе несие алу арқылы жүзеге асса, 980 бас түйе азаматтардың өз қаражаты есебінен алынған.
Шолаққорған ауыл округінің агроқұрылымдары 30 тонна «Golden Camel Group» ЖШС-не, 60 тонна «Казфут» ЖШС-не, Қарақұр ауыл округінің агроқұрылымдары 53 тонна, Созақ ауыл округінің агроқұрылымдары 113 тонна «Казфут» ЖШС-не, барлығы 256 тонна түйе сүті қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілді.
Созақ ауданы ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып және халықты жұмыспен қамту мақсатында іске асырылатын құны 315 миллион теңгені құрайтын 5 жоба облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылды. Олардың қатарында «Атамекен» шаруа қожалығы 120 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара аналығын сатып алуды жоспарласа, жеке кәсіпкер «МКМ Ұлас» (төрағасы О. Тұрмаханов) 112 бас осындай аналықты сатып алмақ. Ал «Ауыл шаруашылығын жартылай қолдау қоры» қоры акционерлік қоры арқылы 70 миллион теңге несие қаржы алған кәсіпкер О. Тұрмаханов қазір оны күтіп отыр. Төтенше жағдайға байланысты кешіктірілген мал тұқымдары жыл соңына дейін жеткізіледі деп күтілуде. Сол секілді «Ғажап» шаруа қожалығы (төрағасы С Дәуленбаев) 76 бас жылқыны қаржылай қолдау қоры арқылы алуға 30 миллион теңге қаржы жұмсап, қазірге дейін 50 жылқыны жеткізіп үлгерді. Ал жеке кәсіпкер Үсенов Мақсат 35 миллион теңгеге 50 бас аналық түйені өз қаржысы есебінен сатып алып, өзгелерге өнегелі ісімен үлгі болуда.
Міне, біз ауданның егін және мал шаруашылығы саласында жүзеге асырылып отырған істеріміздің бірқатарын көптің назарына ұсынып отырмыз. Бұл көрсеткіштер барлық жұмыс жоғары деңгейде дегенді аңғартпайды. Атап, әрі ашып айтар болсақ межелі биіктеріміз алда, оны абыроймен орындап шығуға қолдан келер бар мүмкіндігімізді жұмсаймыз.
Салыхан Полатов,
Созақ ауданының әкімі.