Мектептегі «Әкім Ысқақ оқулары»

“Жарық дүние болғаның үшін, ыстығыңа күйіп, суығыңа тоңғаным үшін, аяулы асыл таңдарым үшін, өзіңнен сабақ алғаным үшін, Өмір, сені сүйемін! “-деп жазған көптеген философиялық ой-толғамдар топтамасының авторы, белгілі қаламгер, ақын, сазгер, жазушы Әкім Ысқақтың жазғандары жүрекке жақын тиіп, танысқан жанды баурап алады. Әрбір туындысының өзі өмірді сүюге үндеп, дем берген, күш-қайрат сыйлаған бір тәрбие болса, адам ретіндегі қарапайымдылығы мен адамгершілігінен алар тағылым көпке үлгі десем артық айтқандық емес.

Сондықтан да болар, әлеуметтік желідегі «Әкім аға және тілеулестері» атты республикалық оқырмандар тобы мүшелерінің саны күн өткен сайын артып келеді. Құрмет тұтар қаламгерімізге бұл жолы облысымыздың орталығына айналған, күн өткен сайын көркейіп келе жатқан киелі Түркістан қаласы өз есігін ашты.
Ақынның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында Түркістан қалалық орталықтандырылған және Түркі тілдес халықтардың кітапханаларының ұйымдастыруымен бір айлық “Әкім Ысқақ оқулары” өткен болатын. Қалың оқырман осы оқуларға белсенді қатысып, қаламгер қайраткерге деген құрметтері еселеніп, арнайы кездесуге шақырды.Бұл бір жағы жазушының өз оқырманын құрметке балайтын және оларға үлкен сыйластықпен қарайтындығының да нәтижесі болса керек.
Ең алдымен әсерлі кездесу №18 Жұмабек Еділбаев атындағы жалпы орта мектебінің акт залында өтті. Онда қаланың құрметті ардагерлері Әскербек Құрышбаев, Зина Баймаханова, Жарқынбек Құлбайымбетов, Гүлжан Әсілбаева, ХҚТУ-дің белгілі профессоры, тарих ғылымының докторы, қайраткердің студенттік досы Әзіретәлі Тұрсын мен қалалық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, А. Байтұрсынов мектебінің директоры Дәулет Құдайбергеновтер басты кейіпкер жайлы жақсы лебіздерімен, шығармашылығына қатысты ой-толғамдарымен бөлісті.
Екі кітапхана басшылары Гүлзада Малдыбекова мен Мәрия Құрышбаевалар қаламгер кітаптарының тәрбиелік мәніне тоқталып, бүгінгі жас ұрпаққа тигізер игі әсері жайлы сөз қозғады.
Әкім Ысқақтың шәкірті, белгілі әнші Асан Пердеш ағаның «Қыз ұзату», «Ана», «Мүмкін болса» әндерін тарту етіп, кештің шырайын арттырды.
Екінші іс-шара қаладағы №17 Ататүрік атындағы мектепте жалғасын тапты. Мектеп директоры Рахила Үрімова білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныстыра отырып, «Бүгінгі қуаныш — жас ақындар сыныбына Әкім Ысқақ есімінің берілгенін» салтанатты түрде жеткізді. Оқушылар, яғни мектептегі жас ақындар алыстан келген ақын ағаларына өз өлеңдерін арнады.
Алаштың асыл азаматына
Қол жеткендей боп тұрмыз көктегіге,
Түрен салған білімнің өткеліне.
Ассалаумағалейкум, Әкім аға.
Қош келдіңіз Ататүрік мектебіне!

Баптаған қыран етіп Ордабасың,
Өнер-білім ұққансыз мол бағасын.
«Тілім» деп жүрегіңді тілгіледің,
Ұрпақтың қамын ойлап толғанасың.

Көшбасшы боп қасқайып жүрсің бекем,
Сынып бердік, атыңды ел білсін, көкем.
Әй, бірақ, ақын-сазгер, қайраткерді,
Бір сыныпқа сыйғызу мүмкін бе екен?!

Журналистік мақсат, мұрат, толғанысың,
Халқыңа нағыз сүйеу зор табысың.
Алда талай күтуде асулармен,
Еліңе тигізетін қолғабысың.

Жол тарқан қиын сәтте қапылыста-ақ,
Әділеттің ақ туын батыл ұстап.
Ықыласына бөленіп, әз халқыңның,
Жүз жасай бер, асыл аға, Әкім Ысқақ!
Көпшілік жылы қабылдаған бұл өлеңнің иесі әйгілі айтыскер ақын Манап Көкеновтің немересі, 7 сынып оқушысы Нариман Манап еді.
Жас ақындар сыныбы Әкім Ысқақ өмірбаянын, шығармашылығын баяндайтын стендтер мен арнайы қаратпа сөздер жазылған тақтайшалармен безендіріліпті. Тақта үстінде үлкен әріптермен «Ақындық өнер — сұлулықтың, сезімнің, адамдықтың көрінісі» деген ағаның айшықты сөздері жазылыпты. Әдемі жинақы кітап көрмесі жасалынған екен, ол жазушының бірнеше кітаптарымен толықтырылыпты.
Сыныптың ашылу салтанатына облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Қазыбек Тәжиев, ақын Айдар Сейдәзім, танымал журналистер Төребек Байтасов, Қайрат Зайнишев, Әбдірахман Қыдырбек, Жібек Искаковалар қатысып, сөз сөйледі.
Мұғалімдер мен оқушылар арасында кең тараған, мектептегі «Өзін-өзі тану» пәнінің қосымша оқулығына айналған Ә.Ысқақтың «Алтыным» кітабының өзбек тіліндегі аудармасы таныстырылды. Оқушылар өзбек тілінде жас жазушы Мафтуна Нәжиеваның аудармасынан үзінділер оқыды.
Іс-шарада Әкім ағаның бірнеше әндері, соның ішінде жұртқа танымал “Көңіл қымбат,” “Қуантқым келеді“ орындалғанда өзгелер де қосылып шырқай жөнелді. Кездесудің тағы бір ерекшелігі осы жолы екі бірдей әннің тұсауы кесілді. Анаға деген перзенттік махаббатты паш еткен “Сағындым апа” әнін Кентаудан келген әнші Балымша Сабыр ерекше ықыласпен орындады.
Ал, түркістандық ақын Айдар Сейдәзімнің сөзіне жазылған жаңа “Күзді сүйем” атты нәзік лиризмге толы әні көпшілікті бірден баурап алды. Оны «Ататүрік» мектебінің ұстазы Азамат Қожақов гитараның әуезді әуенімен әдемі жеткізді.
Кеш қонағы Әкім Ысқақ өз шығармашылығынан сөз өрбітіп, өмірдің қыры мен сырына, жақын жандардың қадіріне тоқталып, ерекше тебіреніспен өзгелерді толқыта білді. Жас ақындар арасына алтын көпір салынған мектеп тарапынан жақсы бастамаға алғыс айтылды. Алтын ұяға, кітапханаларға картина мен кітаптарын тарту етті.
Сондай-ақ, тағы бір жағымды жаңалық жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы № 42-ші орта мектептің бір сыныбы қаламгер қайраткердің есімін иеленді.

Әлима Пашанова,
Қазақстан педагогика академиясының профессры, «Әкім аға және тілеулестері» атты республикалық оқырмандар тобының мүшесі.