ҚАЛА – «ЖАСЫЛ АЙМАҚТА»
Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.
– Шымкент қаласы коронавирустың ықтимал толқынына үш сценарий бойынша əзірленуде. Атап айтқанда, «А» – қалыпты жағдай, ол 1 220 төсек-орынды қамтиды. Егер маусымдық эпидемиологиялық жағдай нашарласа, «В» деңгейінде төсек-орын саны 4 016-ға дейін артады. Ал ахуал тым өршісе, «С» деңгейі бойынша 5 416 төсек-орын ашылады, – деді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Спикердің сөзіне сүйенсек, бүгінде қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Яғни, Шымкент қаласы «жасыл аймақта» тұр. Ал эпидемияның екінші толқынына дайындық кезінде реанимациялық төсектерді жабдықтау мақсатында 314 функционалды кереует, 381 дозатор, 266 реанимациялық монитор және 381 медициналық сорғыш қондырғы сатып алынған.
Айта кетейік, қалада осы жылдың 24 наурызынан 18 қарашасына дейінгі аралықта COVID-19 ауруының 5 303 жағдайы (2 700 симптомды, 2 603 симптомсыз) тіркелген. Оның ішінде 5 150 науқас емделіп шыққан.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы.