БАҒДАТ МУСИН САПАСЫЗ ИНТЕРНЕТ МӘСЕЛЕСІ ӘЛІ БЕС ЖЫЛ ШЕШІЛМЕЙТІНІН МОЙЫНДАДЫ
Жыл соңына дейін 4 мыңнан астам ауыл интернетпен қамтылатын болады. Ғажайып ғаламтор сигналын ауылдарға жеткізу үшін байланыс операторларына радиожелілерді қолданғаны үшін төлейтін төлемдеріне жеңілдік берілмек. Бірақ мұнымен ауылдардағы интернет мәселесі түпкілікті шешілмейтін сияқты.
Осы аптада Сенат отырысында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев депутаттардың байланыс операторларының радиожелілерді қолданғаны үшін төлейтін төлемнің жылдық мөлшерлемесін 90 пайызға төмендетуді ұсынғанын айта келе, «Мұндай жеңілдікті алу үшін байланыс операторлары бірінші кезекте үнемделген қаржы есебінен ауылдарға кең жолақты интернет тарту керек», -деді.
Ал жиынға қатысқан еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин болса, 90 пайыздық жеңілдікке қол жеткізу үшін байланыс операторларына қандай талап жүктелетінін жіпке тізіп айтып берді. Яғни, ол «90 пайыз жеңілдік артылған ақшасын ауылды елдімекендерді ауқымды интернетпен қамтамасыз етуге жұмсайтын байланыс операторларына ғана беріледі. Бұл міндеттемелер орындалмаса радиожиілілік спектріне деген рұқсатты «Байланыс туралы» қазіргі заңнамаға сәйкес қайтарып алуға болады»,-деді. Сондай-ақ ол, осы ұсыныстарды талқылау барысында да аталмыш бағытта біраз тірліктің басы қайырылғанын да атап өтті. Оның сөзінше операторлар осы жылдың шілде айынан бастап-ақ өз қаражаты есебінен және кооперацияларға бірігіп, халқы 250 адамға дейінгі ауылды елдімекендерге интернет тарту жұмыстарын бастап кеткен екен.
Бағдат Мусин министр креслосына отырғаннан бастап Қазақстанның көп ауылдары интернетпен қамтылатынын айтудай-ақ айтып жүр. Бірақ оның уәделі мәлімдемесінің нәтижесін ауыл халқы әлі толық сезініп жатқан жоқ екені белгілі.
Айтпақшы Сенат отырысында министр Бағдат Мусин ауылдардағы интернеттің сапасын жақсарту үшін әлі бес жыл уақыт қажет екенін да ашып айтты.
А. САТЫБАЛДЫ.