ЖОЛ АПАТЫНЫҢ 96 ПАЙЫЗЫНА ЖҮРГІЗУШІЛЕР КІНӘЛІ

 

Қазақстанда ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 8933 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 22,2 пайызға аз. Өткен жылдың 9 айында еліміздің автожолдарында  11484 жол-көлік оқиғасы орын алған.

Биыл тіркелген жол көлік оқиғаларының көп бөлігі Алматы қаласы (2232), Алматы облысы (1496) және Жамбыл облысын (660) орын алған. Кері рейтинг тізімінде алғашқы бестікті Шығыс Қазақстан облысын алға шығарып Түркістан облысы түйіндеп отыр. Есепті кезең ішінде Түркістан облысында 579 жол көлік оқиғасы тіркелген.

Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті осы аралықта орын алған жол апаттарының 96 пайызына жүргізушілер кінәлі екенін алға тартады. Мамандардың пікірінше тізгінде отырған азаматтар көбіне көп жылдамдықты асырып, тыйым салынған және қауіпті жерлерді басып озатынын айтады.

Бірақ осы жылдың тоғыз айында тіркелген жол-көлік оқиғаларының өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірнеше есе аз болуын аталған комитет пандемияға байланысты төтенше жағдайдың  енгізілуінен соң жолдарда көлік ағындарының айтарлықтай азая түскенімен байланыстырады.  Бірақ төтенше жағдай режимінің алынып, карантиндік шектеулер жеңілдетілгеннен кейін жолдардағы көлік ағынының қайта көбеюінен кейін жол апаттары жиілей түскен.

Жыл басынан бергі 9 ай уақыт ішінде тіркелген жол-көлік оқиғаларынан барлығы 13 мың адам зардап шеккен. Оның ішінде 11,8 адам жараланған. Жолдағы жазымнан 1,3 мың адам жан тәсілім болған. Оның 948-і ер азаматтар, 315-і әйелдер, 114-і жасөспірім болған.

 

Қ. ҚАЛИЕВ.