ІНДЕТ ЖҰҚТЫРУДЫҢ РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШІ ТІРКЕЛДІ
Жұқпалы Covid-19 вирусы бой берер емес. Өткен аптаның өзінде яғни, 19-25 қазан аралығында әлемдегі 2,8 млн. адамнан коронавирус анықталған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл індет таралғаннан бергі 10 айға жуық уақыт ішіндегі рекордтық көрсеткіш екенін айтып, дабыл қағып отыр. Пандемия басталғаннан бергі рекордтық көрсеткішті қамтыған бұл аралықта індеттен 40 мыңға жуық адам көз жұмған.
Емі табылмай отырған дерттің таралу ошағы Ухань болғанмен қазіргі таңда Еуропа пандемияның екінші толқынының орталығына айналып отыр. Өткен аптада дәл осы Еуропада коронавирус анықталған науқастар саны 1,3 миллионнан астам адамды құраған. Бұл алдыңғы аптадағы көрсеткіштен 33 пайызға артық.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының эпидемиологиялық бюллетенінде коронавирус жұқтырудың апталық өсімі бойынша алғашқы бестіктегі елдер тізімінде Франция (217,7 мың адам), Ұлыбритания (148,5), Ресей (114,5), Италия (101,9) және Бельгия (90,8) тұр.
Ал ауруды жұқтырғандар саны жағынан жалпы көрсеткіш бойынша кері рейтинг тізімінде АҚШ, Индия, Бразилия, Ресей, Франция көш бастап тұр.
29-қазандағы жағдай бойынша әлемде індетті жұқтырғандар саны 45 миллионға жуықтады. Оның ішінде 30,1 млн адам емделіп шықса, қайтыс болғанлар саны 1,17 млн.ды құраған.
Қазақстанда кешегі жағдай бойынша коронавирусты жұқтырғандар саны 111 100-ге жетті. Осы күнге дейін 106 059 адам емделіп шықса, 1825 адам қайтыс болған. Республика бойынша 1-тамыздан бастап COVID-19 белгілері бар пневмониямен ауырған адамдар саны 37 379 адамға жетті. Оның ішінде емделіп шыққандар саны 28 659 адам.
Шымкент қаласында 2020 жылғы 24-наурызынан 29-қазанына дейінгі аралықта COVID-19 вирусына 5 231 адам шалдыққан.
Емделіп шыққандар саны 5 152, қайтыс болғандар саны 72 адамды құрап отыр.
Шымкентте 1-тамыздан 26-қазан аралығында COVID-19 белгілері бар пневмониямен 985 жағдай тіркелген.
«Уақыт».