ТАЛДАУ КІМДЕРГЕ ТЕГІН ЖАСАЛАДЫ?

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов коронавирус инфекциясын ПТР тест көмегімен анықтау төмендегі санаттағы азаматтарға тегін жасалатынын атап өтті.

Жүкті әйелдер, жедел респираторлы вирустық инфекциясымен ауырған адамдар, өкпе қабынуына кез болғандар, ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылуға жолданғалы жатқан науқастар, стационарға шұғыл түрде жатқызылған адамдарға ПТР тест тегін жасалады.

Сонымен қатар, көзге көрінбейтін жаумен күрестің алдыңғы шебінде жүрген барлық медицина қызметкерлері өздерінің тіркелген емханаларында ақысыз ПТР тесттен өткізіледі.

Бұдан бөлек, бұл санатта коронавирус жұқтырған адамдармен жақын байланыста болған азаматтарда бар.

Осыдан біраз бұрын еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов тегін ПТР тесттен өту үшін не істеу керектігі туралы сұраққа «Егре сіздің бойыңызда коронавирустың белгілері байқалса, шұғыл тұрде емханаға хабарласу керек. Сізге жедел жәрдем қызметі немесе тестті тегін өткізетін арнайы мобильді тобы келеді» деген болатын.

Ақпарат үшін айта кетейік, Шымкентте азаматтар ПТР-тестті 6 мекемеде тапсыра алады. Олар – СПИД орталығы, Ұлттық сараптама орталығының Шымкент қалалық филиалы, қалалық диагностикалық орталық, «Олимп», «Invivo» зертханалары және «Медикер» клиникасының базасы.

Жалпы елімізде бір күнде 28 мың тест талдауы жасалатынын айта кетейік.