ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ РЕТ ЦИРК ТУРАЛЫ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛЕДІ

Елімізде алғаш рет цирк туралы фильм түсірілмек. Шымкентте түсірілетін тың туындыны «Сақ» киностудиясы мен «Шымкент-Цирк» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны бірлесіп жарыққа шығармақ.
«Манеж» атауы берілетін фильм бастапқыда 10 бөлімді құрайтын болады. Егер фильм көрермен ықыласына бөленсе, түсірілім жалғасатын болады.
Бұл туралы қаладағы ақпараттық-коммуникациялық орталығында «Шымкент-Цирк» МКҚК-нің директоры Арман Алиев мәлімдеді. Цирк директоры «Манеж» сериалының мақсатын былай деп жеткізді:
– Сериалды түсірудегі негізгі мақсат – цирк өнерін насихаттап, оның қаншалықты күрделі сала екенін көрсету. Фильмде әртістердің төккен тері, ғажайыптар құпиясы және ерекше бағдарламалары көрсетіледі. Фильмде көрермен республикадағы үшінші кәсіби цирктің құрылуын, қалыптасуын, сондай-ақ, жастарды циркке баулуды және аңдармен жұмыс жасау өнері секілді қызықты оқиғаларды тамашалайды. Бұл сериал – еліміздегі алғашқы жоба, яғни, мұны Шымкенттің бренді ретінде қабылдауға болады.
Сериалды түсіру туралы негізгі идеяның авторы, «Сақ» киностудиясының талантты режиссері Батырхан Дәуренбеков.
Әрбір бөлімі 25 минуттан тұратын фильм «Сақ» киностудиясының өз қаржысына түсірілуде. Әр сериал үшін шамамен 4-5 млн. теңге қаржы жұмсалады. Осы жылдың соңына дейін екі сериясын жарыққа шығару жоспарланып отыр. Қос шығармашылық ұжым бірлесе отырып, цирктің күнделікті тыныс-тіршілігін көрсететін танымдық бұл көркем фильм Қазақ мемлекеттік циркінің 50 жылдығына арналады. Мұндағы сюжеттер «Шымкент-Циркте» және қаланың көрікті жерлерінде түсіріледі. Өз кезегінде Арман Алиев фильмді түсіруде техникалық қиындықтар өте көп екенін тілге тиек етті. Мысалы, бір ғана арыстанның жәй дайындық жұмыстарын түсіндіру үшін шығармашылық ұжым екі күн уақытты сарп еткен екен.