ЖАҢА ҮЙ ЖАҚСЫЛЫҚ АЛА КЕЛСІН

Төлеби ауданында ағысы асау сел салдарынан жарамсыз күйге түскен 42 үй бұзылған. Бүгінде қайта салынған сол үйлердің құрылысы толық аяқталды.
Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында сол 42 отбасыға жаңадан бой көтерген үйлердің кілті табыс етілді. Бұл шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы келіп, тұрғындардың қуаныштарына ортақтасып, оларды жаңа баспаналарымен құттықтады. Жаңа үйлерді өзі аралап көрген аймақ басшысы «Ерте көктемде болған табиғи апат біраз жұртты әбігерге салды. Қиындық болған қысылтаяң сәт артта қалды. Енді міне жаңа баспананың табылдырығын аттағалы отырсыздар. Жаңа үй жақсылығымен келсін. Баспаналарыңыз Қыдыр қонған берекелі шаңыраққа айналсын»,-деді.
Естеріңізге сала кетсек, биыл мамырда қатты жауын-шашын салдарынан Төлеби ауданында су арналары тасып, сел орын алған болатын. Салдарынан бірнеше үйді су басып, зақымдаған еді. Сол кезде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, шұғыл штаб құрылған. Жедел құрылған штаб сел салдарынан аудандағы 42 үйді жарамсыз күйге түсті деп таныған еді. Осыған орай ол үйлерді бұзып, қайта салу жұмыстары қолға алынған. Жаңа баспаналардың құрылысы қарқынды жүргізілген. Айта кетерлігі, аталған баспаналардың 17-сі — Ленгір қаласында, 2-уі — Киелітас, 22-сі — Сұлтан-Рабат, 1-уі — Ынтымақ ауылдарында соғылды. Баспаналардың жалпы аумағы 2640 шаршы метр. Құрылысты 9 мердігер мекеме жүргізген.