ЖЫЛҚЫ ӨСІРІП, ШАРУАСЫН ШАЛҚЫТҚАН
Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Машат ауылының тұрғыны Әбдірасыл Медетовтың шаруасымен танысу арқылы ерінбегеннің еңбегі өнімді болатынына тағы бір рет көз жеткізуге болады.
Төрт түлікті өсіруге бейімі бар азамат қолдан келер кәсіппен айналысу үшін «Ырыс» микроқаржылық ұйымынан 6,0 млн. теңге несие алған. Мемлекеттік бағдарлама аясында қаржылай қолдауға ие болған азамат қолындағы теңгесіне 20 бас жылқы сатып алып, мал бордақылауға білек сыбана кіріскен. Аз уақыттың ішінде ісі ілгері басып, ырыздығы арта түскен. Қазіргі таңда машаттық Әбдірасыл Медетов қорасындағы жылқы санын 100-ге дейін жеткізген.
Қазіргі таңда оның өнімдері тек ауданда ғана емес, облыс пен Алматы қаласына саудаға шығарылады. Қамбар ата ұрпағын өсірудің қыр-сырын жетік меңгерген ер ағасы Әбдірасыл қазіргі таңда құлашы кеңге жайған бұл кәсібінің өрге басуы қолда барды ұқсата білуден басталған аз ғана талаптан басталғанын айтады.
«Кез келген істің белгілі бір қиындығы мен сын сағаты болады. Мал бордақылау кәсібін әу баста бір-екі жылқыдан бастағанмын. Өзім жылқы малын бағып-күтумен 25 жылдан бері айналысып келемін. Жылдар бойы жинаған тәжірибем қолға алған ісімді ілгерілетті десем де болады. Бұл жұмыс табан етті талап еткенмен, берер берекесі мол. Сондықтан да бұл кәсіпке балаларымды да баулығанмын. Олар көзін тырнап ашқаннан бастап Қамбар ата ұрпағын бағып-қағудың қыр сырын меңгеріп келеді. Осылайша мал бордақылау ісін жанұялық кәсіпке айналдырып келеміз».
Осылай деген Әбдірасыл Медетов осы күнге дейін көптеген табыстарға қол жеткізуілеріне еңбекқорлықпен қатар, мемлекеттік қолдаудың да өзіндік үлесі мол болғанын алға тартады.