ВЕЛОТҰРАҚТАР ҚАЙТА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Ағымдағы жылдың 1-қыркүйегінен бастап Шымкентте «Shymkent bike» велостанциялары қайта жұмысын бастады.
Қала бойынша 40 велостанциядағы 160 велосипедті пайдалану үшін тиісті төлем карталарын Тәуке хан көшесіндегі «Имран» супермаркеті жанындағы сату бөлімінен алуға болады.
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов өзінің фейсбук әлеуметтік парақшасында жариялады.
Үшінші мегаполисте веложол инфрақрылымын жақсарту мақсатында бірқатар құрылыс жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Осыған байланысты қаладағы А. Байтұрсынов, Түркістан, Д. Қонаев, Ұ. Арғынбеков, А. Асқаров, Жангельдин, Ғ. Иляев сынды бірнеше үлкен магистралды көшелерге салынып жатқан веложолақтардың құрылысы кезең-кезеңімен аяқталуда.
«Shymkent bike» жобасындағы велостанциялардағы велосипедтерді қолдану үшін тұрғындар үшін барынша тиімді тарифтер ойластырылған. Мәселен, «BIKE SHARING» жүйесі арқылы велосипедті алғашқы 30 минут тегін пайдалануға болады. Одан кейін тарифке сәйкес 1 сағат үшін — 100 теңге, 2 сағат үшін — 250 теңге, 3 сағат үшін — 500 теңге, ал 3 сағаттан асса әр сағат үшін 1 000 теңге төлем алынады. Жалпы абоненттік төлем картасының құны 1 айлық абонемент — 2 500 теңге, 3 айлық абонемент — 6 000, 1 жылдық абонемент — 10 000 теңге болады.
Естеріңізге сала кетсек, тамыз айының басында Мақсұт Пернебекұлы қазіргі таңда қаладағы веложолдың ұзындығы 10 шақырым болса, жыл аяғына дейін 19,5 шақырымға дейін жететінін, ал келесі жылы үзіліссіз 37 шақырым болатынын мәлімдеген.
«Shymkent bike» жобасы бойынша велостанцияларының картасы мен оны қолданудың жалпы тәртібі туралы толық ақпаратпен https://shymkentbike.kz/ сайты арқылы танысуға болады.