Маңызды

«ЕҢБЕК» АРҚЫЛЫ ЕҢСЕ ТІКТЕДІ

Естір құлақ болса, еңбек етемін деген адамға ұсыныс көп. Ұтырлы ұсынысты қабылдап, ұпайы кемімеген жанның бірі төлебилік Ержан Утеулиев есімді азамат.

Өз кезегінде ол нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ілкімді істі қолға алып, ілгері басты.
Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны Ержан Утеулиев мемлекеттік көмекті пайдалана отырып автокөлік жөндейтін станция ашып алды. Бұған дейін жұмыссыз жүрген үш баланың әкесі Үкіметтен берілетін 555 600 теңге мемлекеттік грантқа ие болды. Грантты алған бойда оны қозғамастан үстіне тағы аз-маз ақша қосып, барлығы 600 мың теңгеге автокөліктің дөңгелектерін туралауға арналған құрылғы сатып алды. Сөйтіп осындай қызметке жүгінетін көптеген көлік жүргізушілерінен тапсырыс алып, тұрақты табыс тауып отыр. Осылайша ол ептілігінің арқасында жұмыссыз күндерін артта қалдырды.
Биыл Төлеби ауданы бойынша бизнес идеяларды іске асыру үшін берілетін мұндай мемлекеттік грантты 150 азаматқа беру жоспарланған. Бүгінге дейін аталған көмекті 60 азамат алып үлгерген.
Айта кетейік, аудан көлемінде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оңды істер атқарылуда. Өткен жылы аталған бағдарламаның көмегімен 460 азамат жаңа бизнес идеяларын жүзеге асырған. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көп балалы, аз қамтылған отбасы мүшелері мен жастар бар.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру