ТҮЛКІБАСТЫҚ ДИҚАНДАР 30 МЫҢ ТОННА АЛМА ЖИНАУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫР

Күнгейде дәмі бал татитын алманың отаны Түлкібас ауданы екеніне ешкім талас тудырмас. Биыл ауданның бағбандары Диқан бабаның рухы қолдаса 30 мың тонна алма жинап, рекордтық көрсеткіштікке қол жеткіземіз деп жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда шаруалар жаздық алманы жинау науқанына білек түріп кірісіп кетті. Бүгінге дейін 535 тонна өнім жинап үлгерген олар қызған жұмыс алдағы қыркүйек айында басталатынын алға тартады. Себебі, дәл осы мизам айында жаппай терім басталады.
2018 жылы ауданда 25 мың 150 тонна өнім өндіріліп, рекордтық көрсеткішке жеткен болатын. Былтыр ауа райының қолайсыздығынан өнім көлемі 20 мың тоннаны құраған. Енді міне биыл жиып алар өнімі 2018 жылмен салыстырғанда бірнеше есеге көп болғалы отыр.
Ауданның 2020-2025 жылдарға арналған даму концепциясына сәйкес Түлкібастың брендіне айналған алманың өнімділігін арттыру көзделіп отыр. Осыған байланысты алма бауды 760 гектарға ұлғайтып, жалпы көлемін 3355 гектарға жеткізу жоспарланған. Бұл бағытта аудан әкімдігінің тікелей ұйытқы болуымен жүйелі шаралар іске асуда. Мәселен, жыл соңына дейін жоспарға сай 100 гектар жерге алма көшеттері отырғызылуы керек болса, бүгінде соның 75 гектары игеріліп отыр.