ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚАТЫСТЫ 61 КЕМШІЛІК АНЫҚТАЛҒАН

Жыл басынан бері Шымкентте «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында 9 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Жөндеуден өткен,асфальт төселген жол сапасы елеп-екшелетін шараны ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйытқы болды. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде жыл басынан бері жол сапасының бұзылуына қатысты 61 кемшілік анықталған.

Шикілікті жойып, тірлікті талапқа сай орындалуын қамтамасыз ету үшін тиісті мекемелерге ұсыныстар жолданған. Нәтижесінде анықталған 61 кемшіліктің 16-сы жойылған.

Жуырда осы бағыттағы іс-шара Шымкенттегі «Тельман» мөлтекауданында жүргізілді. Қазіргі таңда аталған шағын ауданда жол құрылысы қарқын алған. Дегенмен бірқатар мердігер мекемелер жүмыс сапасын екінші орынға қойып жатқаны белгілі болды. Мысалы, талапқа сәйкес «АршанСтрой» компаниясы 8 қабатты жол төсеуге тиіс-тін. Алайда, мониторинг барысында мамандар арнайы жылжымалы зертхананы қолдану арқылы оның небәрі 4 қабатты екенін анықтаған. Ендігі кезекте аталған мердігер мекемеге анықталған кемішілікті жою бойынша мерзім белгіленіп отыр. Нәтижесінде нұсқаманың орындалуы тұрғысынан жол учаскесін қайта тексеру жүзеге асырылады.

Мониторингтік жұмыс туралы «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар мөлтек аудандардағы асфальт қалыңдығы 5 см-ден аз болмауы қажеттігін, ал қалалық яғни, орталық көшелерде 7см-ден кем түспеуі керектігін алға тартады.