ЕЛ АЛДЫНДА ЖҮРГЕН АЗАМАТТАРДЫҢ КОРОНАВИРУСҚА ШАЛДЫҚҚАНЫН АЙТУЫ СӘНГЕ АЙНАЛЫП КЕТТІ

Осы айдың алғашқы күнінен бастап елге танымал азаматтардың коронавирус жұқтырғаны туралы ақпараттар жиі айтылып кетті. Оған дейін де бірқатар шенеуніктер мен әкімдерді әлемді жайлаған індеттің ауыз салғаны мәлімделгенмен былайғы жұрт ол ақпараттарға аса мән бермеп еді. Бірақ мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли 6-маусымда өзінің фейсбук желісіндегі парақшасында коронавирус дерті бойынша тапсырған тест сынамасының оң нәтиже бергені туралы жазбасын жұрт бей-жай қабылдамады.

 

Себебі, оған ауыз салған ауру, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты да айналып кетпеуі екіталай болуы мүмкін еді. Берік Уәли жұрттың осылай сарыуайымға түсерін білді ме, әйтеуір, сол заматта-ақ мемлекет басшысының денсаулығына ешқандай қауіп жоқтығын ескерте кетті.

Одан соң, көп күн өтпей Мәжіліс депутаты, өнер қайраткері Бекболат Тілеуханның да әлем бойынша жарты миллионға жуық адамды бақилық еткен коронавирусқа шалдыққаны мәлім болды. Жұқпалы дертке шалдыққан тағы бір шенеунік еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еді. 14-маусымда ол өзінің желідегі парақшасында коронавирус жұқтырып, ауруханада жатқанын хабарлады. Еліміздің бас дәрігерінің жұқпалы дертке шалдыққаны туралы ақпарат хабарланғаннан бастап отандық БАҚ оның 11-маусымдағы Мәжілістің жалпы отырысында бетпердесіз баяндама жасағанын еске алды. Сондай-ақ, жұрт арасында министрдің «сақтық шараларын дұрыс сақтамауы мүмкін бе?» деген сауалдар да айтылып жатты.

Бірақ Елжан Амантайұлы өзінің коронавирусқа шалдығу себебін «Барлық санитарлық шараны қатаң сақтағаныма қарамастан, әрдайым қауіп-қатер бар. Бұл әсіресе жұмыс істейтіндерге қатысты, қашықтан жұмыс істей алмайтындарға. Соңғы күндері бірқатар өңірде, оның ішінде кәсіпкерлер, кәсіпорын, медицина қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, БАҚ өкілдері арасында вирус жұқтырғандардың өсімі байқалады. Қазір көптеген азаматымыз Қазақстанда жаһандық дағдарыс пен пандемияның салдарына байланысты проблемаларды шешу үшін қарқынды жұмыс істеп жатыр. Жиі жеке кездесулерге барып, аймақтарға шығу қажет болады, сондықтан бізде COVID-19 жұқтыру қаупі жоғары», — деп түсіндірді.

Еліміздің денсаулық сақтау министрінің коронавирус жұқтырғаны белгілі болған соң бірқатар лауазым иелері оқшауланды. Олардың қатарында Үкімет басшысы Асқар Мамин, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Ауыл шаруашылғы министрі Сапархан Омаров, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бар. Себебі, олардың барлығы 12-маусымда Жамбыл облысында арнайы іссапарда министр Елжан Біртановпен болған. Аталған азаматтардың барлығы коронавирусқа тест тапсырған. Тесттің нәтижесі теріс болып шыққанмен, олар арнайы тәртіпке сәйкес, оқшауланып, қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкен. Кешегі аптаның соңында Мәмин мен министрлер вирусқамақтан шыққан.

Айтпақшы, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев те оқшаулануға мәжбүр болды. Себебі ол министр Елжан Біртановпен бір ұшақта келген екен. Мырзағалиев COVID-19-ды анықтауға тест те тапсырған. Нәтижесі – теріс болып, апта соңында оқшаулаудан шыққан.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин де COVID-19 індетінің симптомсыз түріне шалдыққаны белгілі болды. Сипмтомсыз түрі болғандықтан ол қашықтықтан ем алуда. Іле Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да нақты емі табылмай жатқан коронавирусқа шалдыққаны хабарланды.

Кеше ел алдында жүрген тағы бірқатар азаматтар коронавирус жұқтырғанын желідегі парақшалары арқылы жалпақ жұртқа жария етті. Оның бірі ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Сайров болса, екіншісі Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов.

Бұдан ел алдында жүрген азаматтардың коронавирус жұқтырғанын жариялауы сәнге айналып бара жатқандай ма дерсің… «Ауруын жасырған өледі» деген. Өзгелерді сақтық шараларына атүсті қарамау үшін осылай барлығы жариялы түрде айтылған дұрыс та шығар. Бірақ ел тірлігіне араласуда ешқандай жағдай кедергі болмас үшін, барлық сақтық шаралары қамтамасыз етілген осындай азаматтардың өзі мұрттай ұшып жатқанда, қарапайым тұрғындардың халі қалай болмақ екен…

 

 А. САТЫБАЛДЫ.