ҮЙ ІРГЕЛІК ЖЕРІ АРҚЫЛЫ ҮЛКЕН ТАБЫСҚА КЕНЕЛГЕН

 

Қолда барды қанағат тұтуының арқасында

жетісайлық бағбан бүгінде мол ырысқа кенеліп

отыр. Қазіргі таңда аудандағы белді кәсіпкер қатарынан көрініп жүрген Жұпарбек Керімбековтың шаруасы көпке үлгі дерсің. Түркістан облысы, Жетісай

ауданы, Қарақай ауылдық округінің тұрғыны

болып табылатын ол өз кәсібін үй іргелік

егістен бастаған.

Шаруа иесі алғашқы кезде үй іргесіндегі 15 соттық жеріне қызанақ еккен. Ол піскен соң, жиып-теріп, 1 қорабын 2500 теңгеден саудаға шығарған. Ебін тапсаң егіншілік істе мол ырыздық бар екенін ұғына білген азамат кейіннен диқаншылық жасауға көшкен. Өз кезегінде ол кәсібінің өрге басуын үй іргелік жеріндегі егіннің өнімді болып, еңбегінің өнгендігімен тығыз байланыстырады. Қазіргі таңда ол бір ғана баялдырдың (баклажан) өзінен 5 миллион теңге пайда түсірген. Еңбек еткеннің арқасында аққа жарып, бүйрегі бұлтиған шаруа иесі көзін тауып жұмыс істесең, жер ана жерге қаратпайтынын айтуда.

Қазіргі таңда Түркістан облысында егін егуге әбден жарайтын үй іргелік жері бар азаматтар жетерлік. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бұдан жақсы хабардар. Осыған орай ол ауыл шаруашылығын дамытудың басты бағыттарының бірі ретінде үй іргелік жерлерді тиімді пайдалану арқылы мол өнім алу екенін үнемі айтып келеді. Және осы мақсатта аудан, қалаларға сапары кезінде тұрғындарға тиісті түсіндірулер жүргізіп, қажетті кеңестер беруде.