ЖЫЛДАР БОЙЫ ЖОЛАУШЫЛАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕН ҮШ АВТОБЕКЕТТІҢ ЖҰМЫСЫ ТОҚТАДЫ

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында қала, ауданаралық бағытта жүретін жолаушылар ағыны өте көп екені белгілі. Қала тұрғындары мен қонақтары бет алған бағыттарына бару үшін Түркістан қаласындағы «Түркістан орталық» (Тәуке хан даңғылы, н/з), «Алтын Орда» (Тәуке хан даңғылы, №18) және «Мерей» автобекеттерінен (Ататүрік көшесі, н/з) сапар жасауға әбден үйренген. Тіпті былтыр тамызда ашылған халықаралық «Түркістан» автовокзалына аяқ басатын тұрғындардың қатары тым аз болып кеткені жасырын емес. Дамудың даңғыл жолына түскен қалада жаңашылдыққа жатырқай қараған тұрғындарға жергілікті билік біраз уақытқа дейін көз жұма қарап келді. Енді ол күндер артта қалды. Нәтижесінде аталған үш автобекеттің жұмысы тоқтатылды. Бұл мәліметті Түркістан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ресми түрде жариялады.

Қазіргі таңда жолаушылар үшін Түркістан қаласында үш автовокзалдың жұмыс істеуі жолға қойылып отыр. Олар Шымкент бағытында орын тепкен «Ынтымақ» елді мекені маңындағы жаңа «Түркістан» автовокзалы. Және Қызылорда тас жолы бойындағы «Алтын бұлақ» және «Яссы» автовокзалдары.

Енгізілген жаңашылдыққа басқарма қызметкерлері құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп тиісті рейдтік іс-шаралар жұмысын жүргізуде. Шара кезінде жұмысы тоқтатылған автобекеттерден шыққан қоғамдық көліктер кері қайтарылуда.