БАҚ-тың ҚОҒАМДЫҚ САНАҒА ӘСЕРІ

Осыдан 107 жыл бұрын «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Құрметті оқушылар» деген мақаласында газеттің (ол заманда елімізде телерадионың, интернеттің болмағанын ескергеніміз жөн) не үшін керектігі жөнінде 4 себепті атап айтады. Солардың екіншісі мен үшіншісін естеріңізге салғанды жөн көрдік:

 

Екінші, «ГАЗЕТ – ЖҰРТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН НӘРСЕ, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтады. Үшінші, ГАЗЕТ — ХАЛЫҚҚА БІЛІМ ТАРАТУШЫ. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші». БАҚ басшылары қазіргі тілмен айтқанда, осы функционалдық міндеттерді толық түсініп, жүзеге асырып жатыр ма? Жоғарыда айтылғандай, БАҚ қоғамға, мемлекетімізге, тұтас халыққа қандай қызмет көрсетуде? Ал мемлекеттің оларға қамқорлығы қандай деңгейде? Осы уақыт ішінде қол жеткен табыстар да баршылық, шешімін таппаған мәселелер де жеткілікті.

Жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрі осы саланың өркендеуі үшін нақты ұсыныстарды қарауға дайын екендігін жария етті. Сондықтан іс басындағы журналистер, жалпы БАҚ-қа қатысы бар мамандар мен сарапшылар өз зерттеулерін ортаға салады деп ойлаймыз. Керегі әрі пайдалысы — олардың сындарлы талқысы, ашықтығы және тілеулестігі. Біздіңше, жиі сөз болатын, бірақ нақты шешімі созбаланып келе жатқан мынадай ортақ проблемалар бар:

  1. Кәсіби журналистерді даярлау ісі. (Кәсіби журналистерді әуесқой, кәсіби емес журналистерден ажырата білу). Саланың обалын кәсіби журналистикадан көрмесін десек, арнайы жоғары оқу орындарының, БАҚ ұжымдарының, журналистер одағының, қауымдастықтарымен клубтарының кәсіби ынтымақтастығын күшейту қажет. Әлеуметтік желілердің дамуына да кәсіби журналистер көп үлес қосуда.

Блогерлердің шеберлік мектептерін ашып, лекцияларын ұйымдастыру.

  1. Салалық мамандану үрдісін жалғастыру. Зерттеулер мен аналитиканың өзегін құрайтын әлемдік тәжірибеге сүйену қажет. Сондай-ақ, озық танылған отыз елдің қатарына қосылу үшін халықаралық журналистиканының тынысын ашу. Дүниеге көршінің қөзімен қарау, әлемді қоңсының құлағымен тыңдау әдетінен арылу.
  2. Мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту, оны орындау критерийлерін шұғыл өзгерту.
  3. Елімізде қабылданған “Ақпаратқа қол жеткізу туралы” басқа да заңдарды тиімді қолдану, Журналистік әдеп Кодексіне мой-ынұсыну.

СӨЗ ҚҰДЫРЕТІ. Қарымды қаламымен, терген білімімен өзі таныған әлемге қарыштаған, ерекше қолтаңбасы бар қаламгер, тынбай ізденетін зерттеуші журналист, Шерхан МҰРТАЗА мектебінің озаты — Қайнар ОЛЖАЙДЫҢ журналистің сөз қолдану тәсіліне, тақырып бойынша тапқырлығына, сөз өнерін үйренудегі шеберлігіне, сөйлеу мәнеріндегі даралығына байланысты жол көрсетіп, жөн сілтеп жазғандары БАҚ саласындағыларға әріптестік көмек, жанашырлық екендігін атап көрсеткен өте орынды. Халқымызда «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген нақыл бар. Басты жару үшін қандай күш керек болса, сол күш — бүгінде журналистер мен қаламгерлердің қолында. Қазіргі бастар, яғни XXI ғасыр адамдары – жан-жақты біліммен, жаңа технологиялармен қаруланған, ақпарат көздерін де жақсы меңгерген, басқа елдердің де БАҚ-тарын пайдаланатын бастар. СОНДЫҚТАН, ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ЖОҒАРЫ КӘСІБИ ДЕҢГЕЙІ, ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЕҢ БАСТЫ ӨЛШЕМ БОЛЫП ҚАЛА БЕРМЕК. «Басты жару» деген ұғымды таратып айтсақ, адамның санасын өзгерту, оның азаматтық ұстанымына әсер ету, өмір сүру салтын таңдауына ықпал жасау деген сөз. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде, ақпараттарда пайдалы, ақиқат ақпараттармен қатар фейк, жалған мәлімет, өтірік-өсек, қауесет қаптап жүреді. Бір оқиғаның өзін 50 түрлі етіп айтуға болады, сонша рет суреттелуі, хабарлануы да ықтимал. Соның қайсысына құлақ асу керек? Әлде 51-ші нұсқаны оқырманның, көрерменнің өзі таңдауы керек пе? Біздіңше, әр адамның санасында “ақпараттық қалқан” болмаса да, “ақпараттық сүзгі” болуы тиіс. Бәлкім, бұл пән ретінде мектеп қабырғасынан бастап қаланар, оған уақыт — төреші.

Мәселен, короновирусқа байланысты осындай жағдай орын алды емес пе? Бұл, біріншіден, тиісті ғалымдардың, білікті мамандардың, дәрігерлердің жетіспеушілігінен болса, екіншіден, елімізде салалық журналистиканың кенжелеп қалғандығының көрінісі, сонан соң, жекелеген азаматтардың интернеттегі жауапсыздығы мен арандатушылық пиғылы. Ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

БАҚ-қа қатысты қоғамда көп айтылатын әнгіме таралым, яғни баспасөзге жазылу мәселесі. Біз күштеп таңып, жаздыруға қарсымыз. Таралым мәселесінің түрлі жолдары бар. Соның ішінде әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бөлшек сауда жүйесін (сауда орындары мен дүңгіршіктерді) заманға сай дамытқан жөн. Осы іспен айналысқан кәсіпкерлерге Қазақстанның аумағының көлемін ескеріп, жеңілдіктер жасау жағын қарастырса да артық болмас еді.

Ал жазылуға келетін болсақ ұстаздар (мектеп, колледж, жоғары оқу орны) оқушы, шәкірттерінің бейіміне, кәсібіне, қызығушылығана қарай белгілі бір басылымдарды ұсынуға моральдық құқы бар деп ойлаймыз. Бұдан ат тонын ала қашатын жекелеген педагогтер өз білімін, шәкірттерінің білімін жетілдіруге құлықсыз екендігін өздері әшкерелейді. Ал еліміздегі партиялардың мүшелері мен жанашырлары өз партиясының Жарғысына, ішкі тәртібіне сәйкес жазылуды міндеттеп жатса, ешкім қарсы бола қоймас. Жалпы, халқымыздың ниеті смартфонға, гаджеттерге ауса, сұраныс артса, сол құралдарға шақтап, жоғары сападағы өнімдер таратуға да кәсіби мамандар шындап кірісу қажет. Цифрдағы отандық мәтіндік, визуалдық материалдардың желідегі үлесінің көпшілігі қазіргі жастардың көңілінен шыға бермейтіні де рас, олардың қызығушылығын қанағаттандыру үшін кәсіби, шығармашылық қызметке жол ашқан абзал, яғни бұл салада да мамандану өзекті болып отыр.

Сонымен бірге, тиісті министрлікке «АРХИВ — 2025» бағдарламасын жасау тапсырылғаны белгілі. Соның ішінде БАҚ архиві ерекше орын алуға тиіс. Өйткені цифрлық ресурстар заманында жыл өткен сайын мұндай архивтің маңызы арта беретін болады.

Жақында ғана салалық министрді қабылдаған Мемлекет басшысы кері байланысты күшейтуді, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс нормаларын жетілдіруді тапсырды. Бұл, әрине, өте қажетті шаралар және уақыт талабы. Сонымен бірге, журналистердің, басқа да шығармашыл адамдардың қаламақысы мәселесі бойынша да нормативтік құжаттар керек-ақ.

Сондай-ақ, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге арналған бюджет қаржысын әкімдердің имиджін жасауға жұмсауға тыйым салу қажет. Журналистерге ауызбастырық беру, алу дәстүрінен арылмаса, бұл да жемқорлыққа жатады. Мемлекет тапсырысымен жазылған мақалада екі ауыз сын болса, есепке алмай, қабылдамай, редакторларды әуре-сарсаңға салу — әдепке қайшы қылық. Жалпы, жергілікті билік басшыларын немесе құқық қорғау органдарының, сот судьяларын сынау қудалауға ұласпағаны екі тарап үшін де пайдалы. Қысқасы, ақпараттық саясатты жүргізуге қаржыны қайта жоспарлау, ол қаржыны беруде халықаралық тәжірибеге сүйену, яғни меншік түріне қарамастан әділетті бөлу қажет деп ойламыз.

Ал «мемлекеттік емес БАҚ» деген ұғым ерсі, ол басқа планетада пайда болған жоқ, сондықтан “жеке меншіктегі БАҚ” деп айтқан орынды болар. Сынағаны үшін журналистерді қудалау баптарының Қылмыстық Кодекстен алынғанын құптаймыз, алайда бұл оларды жауапкершіліктен босатпайтынын ұмытпаған жөн. ОҚЫРМАННЫҢ СЕНІМІНЕН, ҚОҒАМНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕН АЙЫРЫЛУ КЕЗ КЕЛГЕН ЖУРНАЛИСТКЕ СОТ ШЕШІМІНЕН ДЕ АУЫР ЖАЗА БОЛУҒА ТИІС.

Мемлекеттік БАҚ творчество жағынан бәсекелістікке, нарыққа бейімделуі керек. Құрылтайшысы мемлекеттік орган болса, баспасөз басылымы сын материалдарды жазуына болмайды деген қате түсінік орын алғалы көп уақыт болды. Мұны да қайта зерделеген жөн.

Ал жекеменшік БАҚ-дарына тек ақпарат құралдары деп қарауға болмайды, олар халықты әлеуметтік қолдаудың да бір түрі және қосымша жұмыс орындарын ашатындықтан, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке көрсетілетін қамқорлықтан тыс қалмауы тиіс деп санаймыз, тіпті арнайы бағдарлама жасалса артық емес. Оларға да жекелеген мәселелерде талаптың күшейтілгенін қалар едік. Атап айтқанда, олардың құрылтайшылары басшылық құрамын журналист мамандығын алған кадрлардан іріктеуін заңмен бекіту керек. Адамды емдеу үшін дәрігер, баланы оқыту үшін мұғалім, құқықты қорғау үшін заңгер талап етіледі. Қазір тек табысты, ақшаны күйттеп, мемлекет мүддесін ескермейтін саяси жағынан сауатсыз, біліксіз кадрлар газет құрылтайшысы, бас редактор деген лауазымдарды иеленіп алғаны да жасырын емес. Мұндай жағдай нағыз кәсіби журналистердің атына дақ түсіреді, қоғамда әр алуан пікір туғызып жатады.

Рейтинг қуу, оны жалаулату жарнама үшін жақсы болғанымен, сол арқылы көрерменнің, оқырманның құқығы шектелетінін, тіпті бұзылатынын да ашық айтқан абзал. Оны ескеретін ортақ ереже, механизм болу керек немесе қосымша өлшемдер енгізуді ойластыруға болар еді.

Жалпы БАҚ нарығы дегеніміз профессионалдардың профессионал еместермен тартысы, интеллектуалдық бәсекесі. Әрбір кәсіп иесінің әлеуметтегі сый-құрметі, беделі, қоғамдағы мәртебесі олардың өздерінің білімі мен парасатына, әдебіне, заңды орындау мәдениетіне байланысты болмақ. Сондықтан, еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары халық үніне құлақ асатын мемлекетімізде, Ахмет Байтұрсынұлы берген анықтамадағы көз, құлақ һәм тіл ретінде ғана емес, қоғамдық сананы өзгертіп, қалыптастыратын ықпалды құрал ретіндегі қызметін де жалғастыра береді деп сенеміз.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты.