ӨТЕМАҚЫНЫ АЛУ ТӘРТІБІ ЖҰМСАРДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, коммуналдық шығындар үшін төленетін 15000 теңге өтемақыны беру ережесіне өзгерістер енгізілді.

 Бұған дейін коммуналдық шығындар үшін 15 мың теңге өтемақы бірінші, екінші, үшінші топ мүгедектері, ҰОС ардагерлері мен оған қатысқандарға теңестірілгендер, көпбалалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы, жалғызбасты, ең төменгі және одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер санатындағы азаматтарға берілетіні айтылған. Аталған «төтенше» өтемақыны алатындардың тізіміне мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары мен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар да енгізілген.

Ережеге сәйкес коммуналдық қызметтер үшін берілетін өтемақыға ілігу үшін түбіртекте көрсетілген дербес шот жоғарыда атап өткен санаттағы азаматтардың атына тіркелуі тиіс болатын. Осы аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 15000 теңге өтемақыға ілігу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Жаңа өзгеріске сәйкес жоғарыда көрсетілген санаттағы азаматтармен бірге тұратын отбасы мүшелері де коммуналдық шығындар үшін төленетін 15000 теңге өтемақыға өтінім беру мүмкіндігіне ие болды.

Естеріңізге сала кетсек, өткен айда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбекұлы алдын ала қалыптасқан жоспарға сәйкес 15 мың теңге өтемақыға қала бойынша 100 мыңнан астам тұрғын қол жеткізуі мүмкін екенін, осы мақсатта коммуналдық қызметтерді көрсететін мекемелерге 3 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлу көзделгенін мәлімдеген болатын. Оның айтқан бұл мәліметі қазіргі жағдайдағы көрсеткішпен қабыспайды.

Қолдағы мәліметке сүйенсек, 11-мамырдағы жағдай бойынша Шымкент қаласында коммуналдық шығындарға төленетін 15 мың теңге өтемақы үшін арнайы іске қосылған communal-komek.kz электронды порталына 26 825 өтінім түскен. Ақпарат құралдарында бұл бағытта Шымкент қаласына бюджеттен 1,5 млрд. теңге қаржы бағытталғанын алға тартады.

Жалпы төтенше жағдай кезінде азаматтардың коммуналдық шығындарын жабу үшін Үкімет ел қазынасынан 49 млрд. 342,8 млн. теңге қаржы бөліп отыр. Бұл қаржы сәуір, мамыр айлары бойынша жиынтығы 3 289 522 коммуналдық түбіртектегі 15 мың теңгеге дейінгі коммуналдық шығындарды жабуға бағытталған.