Полицейлер хаттаманы қате толтырады

Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Әбдімүтәліп Бектұрғанов айтты.

«Ашынғаннан шығады ащы даусым» дегендей, фемида өкілінің бұлайша батырып айтуының себебі не?
Былтыр Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты құзырлы орган қызметкерлері жіберген қателер үшін 122 әкімшілік іс бойынша жеке қаулы шығарған. Сол қаулының 90 пайызы полиция инспекторларының атына шығарылған. Себебі, шымкенттік қызыл жағалылар әлі күнге дейін хаттаманы дұрыс толтыруды білмейтін сыңайлы. Әбдімүтәліп Бектұрғановтың сөзінше, көптеген тәртіп сақшылары хаттаманы толтыру кезінде көп қатеге жол береді. Атап айтқанда, хаттаманың кімнің атына жазылғаны және не себепті толтырылып жатқаны көрсетілмейді екен. Учаскелік инспекторлар да, жол патрульдік полиция инспекторлары да өз аты-жөнін әрең жазатынға ұқсайды. Өз сөзінде ол «содан соң біз полицейлерді жинап, олармен семинар өткіздік. Түсіндірдік. Әрбір хаттаманы прокуратура қызметкерлері тексеретінін жеткіздік. Олқылықты қайталамау үшін тиісті шаралар жасау үшін екі ай уақыт бердік. Бірақ әлі де көп қате жібереді. Сондай қате жібергендердің үстінен жеке қаулылар шығарып жатырмыз», — деп атап өтті.
Сондай-ақ, полицейлер хаттама толтырғанда азаматтарға көрілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның баптарын жазғанмен, оның тармақтарын көрсетпейтіні де айтылды. Мамандар мұндай жағдайлар орын алған құқық бұзушылыққа заңдық тұрғыда дұрыс баға беруді қиындата түсетінін алға тартуда. Нәтижесінде, судьялар істі қайта саралауға мәжбүр болады екен.