Маңызды

ДОСТЫҚ ДӘРІПТЕЛГЕН ЖАРЫС ӨТТІ

Шымкенттегі «Қажымұқан» атындағы орталық стадионда этно-мәдени бірлестіктер арасында спартакиада өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қалалық филиалы бастамасымен өткен шара еңселі мерекеміз Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылды.

Бірлікті берік ұстанып, татулықты ту етіп келе жатқан ұлттар арасындағы достық рәуішті нығайту мақсатында өткен шарада командалар қол күресі, шахмат, үстел теннисі, ләңгі тебу, арқан тарту секілді спорт түрлерінен өзара сынға түсті. Команда ойыншылары қалалық этно-мәдени бірлестіктердің жанындағы жастар қанаттары мен оқу орындарындағы «Достық клубтарының» мүшелері болғанын айта кетейік. Спартакиаданы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Бағдагүл Байтешова ашып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс нәтижесінде славян этно-мәдени бірлестігінің «Барыс» тобы бас жүлдені иемденді. Ал өзбек этно-мәдени бірлестігінің «Достық» тобы бірінші, шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігі тобы екінші орынға қол жеткізді. Үшінші орынды ұйғыр этно-мәдени бірлестігінің атынан қатысқан команда қанағат тұтты.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ұйымдастырушылар атынан қаржылай сыйлықтар берілді.

М. ӘБДІРАЙЫМ.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру