КОРЕЯДА «ШЫРАЙЛЫ ШЫМКЕНТ» ДӘМХАНАСЫ БАР

Оңтүстік Кореяда «Шырайлы Шымкент» дәмханасы ашылды. Осы айда ашылған дәмханаға мұндай атауды оның иесі Сәуле Қосақаева берген. Нысан Оңтүстік Кореяның Ёнсан қаласында бой көтерген. Ол қала сол мемлекеттің оңтүстігінде орналасқан. Яғни, тұрғындар, әсіресе Қазақстаннан барған азаматтар осы дәмханаға бас сұқса, климаты әрқашан жұмсақ Шымкентте жүргендей әсерге бөленеді.

Кәсіпкер бұл нысанды Ёнсанда жұмыс істейтін ТМД елдерінен келген достарының өтініші бойынша ашқан. Шетелден келгендер үшін корей тағамына үйрену қиын екенін ол жақсы біледі. Себебі, өзі де кезінде жергілікті зауыттардың бірінде жұмыс істеген. Сондықтан да бастаған ісі баянды боларына сенімі зор болған.
Бірақ дәмханаға шетелден келетін қазақтар ғана емес, Ёнсан тұрғындары да келіп тұрады екен. Олар қазақтың ұлттық тағамы бешбармаққа тапсырыс береді. Жылқы етінің дәмін де ұнатқан. Өз кезегінде Сәуле Қосақаева жергілікті тұрғындар тапсырыс беру кезінде ет, самса, кәуап сынды тағамдарға жиі таңдау жасайтынын айта келе: «Қуырдақ, бешбармақ, нарын, сорпа, лағман істейміз. Тағамға қосатын ет өнімдері халал. Халал сертификатымен аламын. Сондықтан сол етті жеу үшін көп мұсылман елдерінің азаматтары келеді», — дейді.
Дәмханаға келушілер тек ұлттық тағамдарымыздан дәм татып қана қоймай, қазақтың әндеріне де билеп қайтады екен.
Мекеме директоры Сәуле осы істі бастаған кезде өзінің жары Чой Ён Джудың қолдауы көп болғанын жасырмайды. Осыдан екі жыл бұрын кездескен олар, көңілдері жарасып, ерлі-зайыпты атанған. Қазіргі таңда Сәуленің үш баласы бар. Чой Ён Джу оларды өз балаларындай Кореяға әкеліп қамқорлық танытқысы келетінін айтады. Ал Чой Ён Джудың бірінші некесіндегі ұлы Сәулені өз анасы ретінде санайды екен.

С. НҰРАЙ.